«Қазақ жастары жұмыссыз, оқуға түсе алмай жүр». Жұмыссыздық мәселесін қалай шешу керек?

2 Қыркүйек 2022, 21:45
1530
Бөлісу:
«Қазақ жастары жұмыссыз, оқуға түсе алмай жүр». Жұмыссыздық мәселесін қалай шешу керек?

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов «Желмаяға» берген сұхбатында жұмыс орнын ашу статистиканың жарысы болып кеткенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі қоғамдағы мәселе − қазақ тілді мәселе. Жұмыссыз, оқуға түсе алмай жүрген кім? Қазақ жастары. Бізде жұмыспен қамту деген түсінік қалай? Көше сыпырып жүрген адам жұмыспен қамту емес. Жастарға Президентіміз 2,5 пайыз жеңілдетілген несие береміз, жастардың талабын қолдаймыз дейді. Көшеде жүрген екінің бірі кәсіпкер болып кете алмайды. Кәсіпкер болу деген үлкен өнер. Сондықтан қазір жетпей жатқан қандай мамандар бар екенін анықтап, ең алдымен кәсіпкерлермен ақылдасуымыз керек,  − деді Парламент Мәжілісінің депутаты. 

Ол цифрландыру көп жұмыс орнын қысқартып жатқанын, жұмыс орнын ашудың жөні осы екен деп елдің бәрін көше сыпырушы, болмаса қар тазалаушы қылу қажет емес екенін айта кетті.

Бұл мәселені кәсіпкерлермен келісе отырып ақылдасу керек. Жұмыс орнын ашу статистиканың жарысы болып кетті. Қалай қамтитыны түсініксіз. Кәсіпкерде жүз адам жұмыс істесе, одан барып «айналайын, жүз елу адам болуы үшін не істеуім керек?» деп сұрау керек. Кабинетте отырған шенеунік жұмыс орнын аша алмайды, оны қалай жасау керек екенін түсінбейді де, − деді депутат «Желмаяға» берген сұхбатында.

Берік Дүйсембиновтің сөзінше, осыдан он жыл бұрын «Ақ жол» партиясы дифференциалды салық туралы көтерген. 

Ауылда елу қой бағып жүрген адам мен мұнай қазып отырған адам екеуі екі түрлі. Салықты әртүрлі салу керек. Шетелдің озық үлгісі бар, осыны істейік деп он жыл бұрын сауал жасағанбыз. Шығыс Қазақстанның шекаралық аудандарында адамдарды қалай ұстаймыз деп отырмыз. Ол жерге инвесторларды қалай әкелеміз? Облыстың орталығына болмаса, астанадан мың жарым шақырым жерге кәсіпкерді қалай апарасыңдар? Ол жерге салықты мүлдем алып тастау керек. Дифференциалды салық мөлшерлемесі деген сол. Ондай аймақтарға адам, кәсіпкер шақырамыз, бос қалған жерімізді толтырамыз десек жеңілдік жасалуы керек, − деді ол.

Депутат әрбір Жолдаудың артында жауабы болуы керек екенін айта кетті.

Осы уақытқа дейін қанша Жолдау тыңдадық? Бірінен бірі асып түсетін Жолдау айтылды. Бірақ бұл Жолдаудың аяғы немен аяқталды? Соған нақты жауап беретін мемлекеттік орган жоқ. Былтырғы Жолдау осылай аяқталды, өзінің мүддесіне жетті, болмаса жетпеді. Жетпесе кім кінәлі? Кім жауап береді? Осы шаруаны атқармаса осы шенеунік жауап береді деп бекіту керек, –  деді Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов. 

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруды тапсырды. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастарға жылдық өсімі 2,5 пайыз жеңілдетілген шағын несие беріледі.

Өзгелердің жаңалығы