Қазақ тілінің қадірін ұмытпайық. Димаш Құдайберген жанкүйерлерімен кездесуінде тіл мәселесін көтерді

25 Қыркүйек 2022, 16:11
3269
Бөлісу:
Қазақ тілінің қадірін ұмытпайық.  Димаш Құдайберген жанкүйерлерімен кездесуінде тіл мәселесін көтерді

Әнші Димаш Құдайберген Алматыда өткен фанмитингте жанкүйерлерінің сұрағына жауап беріп қана қоймай, өзін толғандырып жүрген мәселелер жайлы ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сұхбат бергенді ұнатпайтын адаммын. Сұхбат бермеймін, дегенмен қатты айтқым келіп жүрген нәрсе бар еді. Қазіргі таңда ана тілімізді, тіл мәселесін қозғамау мүмкін емес деп ойлаймын. Біздің болашағымыз тікелей бізге, жастарға байланысты. Өскелең ұрпақтың қандай дүниетанымда болатыны, қандай мәдениетті бойына сіңіретінң біздің осы мәселеге қарауымызға байланысты. Барлық тілге ерекше құрметпен қарауымыз керек. Бірақ қазақ тілінің қадірін ұмытпайық, - деді Димаш жанкүйерлермен кездесуінде.

Ол “өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген сөздің бекер айтылмағанын айта кетті.

Неге десеңіз, басқа тілге де, ұлт өкіліне де құрметіміз түсіп қалмауы керек. Бірақ ана тілімізге құрметіміз артуға тиіс. Қазақ болғаныма мақтанамын. Еліммен мақтанамын. Айтқым келгені барлық ұлтқа адамзатқа ерекше сүйіспеншілікпен, түсіністікпен, құрметпен, ізгілікпен, махаббатпен қарайық. Ұлттың жаманы жоқ, мұны кешегі концертте де айттым. Алып қашпа әңгіме тудыратын адамдарға да еріп кетуге болмайды. Бірлігімізді тыныштығымызды ойлап жұрейікші. Еліміздің болашағы үшін тыныштық керек. Ұлт пен ұлт арасында, ел мен ел арасында қай мәселе болмасын түсініспеушілік тудырып алмай, тыныш та бейбіт өмір сүргенге не жетсін, ағайын, - деп Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне үндеу жасады.

Өзгелердің жаңалығы