Сөздердің тарихын біліп жүрсек артық етпейді. Тіліміздің сөздік қоры бай әрі шығу тарихы терең. Әсіресе қаржы тақырыбындағы сөздердің тарихы қызық. Сол үшін алда әлі осындай шығу төркіні оқырман қауымға қызықты болуы мүмкін қаржылық атаулардың этимологиясы «Қаржы сөйлейді» айдарымен шығып тұратын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаржылық атаулардың тарихын «Астана» халықаралық қаржы орталығының аға менеджері, тіл маманы Марлен Әділов талдайды.
Тиын қаржылық терминінің «ұсақ металл ақша, Қазақстандағы ең кіші валюталық бірлік» деген мағынасын білесіз. Теңге тиыннан құралар деген мақалда да айтылады. Тиын атауы ауызекі тілде «ақша» дегенді де білдіреді, мысалы: Тиын бар ма? Көк тиын да жоқ! Тиыншыл адам.
Тиынға ұқсайтын тиін деген де бар, бірақ оның мағынасы басқа, ол орысша «белка» деген мағынаны білдіреді. Тиын мен тиін ұқсас сөздер болса да, мағына жағынан бір-біріне қарама-қарсы айтылады, сонда екеуін не біріктіреді? Шынына келгенде, олар бекер ұқсамайды, негізі екеуі бір сөз екен. Бұрын тек тиін (белка) сөзі ғана болған. Ал тиын валюталық термині соған ұқсатып кейін пайда болған. Басында тиін терісін көне түркілер ақша құралы ретінде пайдаланған. Орхон өзені аймағында табылған Білге қаған ескерткішінде Көк тейеңин түрүкмен бодунума қазғаны биртим «Көк тиінін түрігіме, халқыма алып бердім» деген сөйлем бар.
Қытай деректерінде де жазылғандай, көне түркілер сауда құралы ретінде жібек, жылқы, бұлғын және тиін терілерін пайдаланған.
Осылайша тиін атауы «ақша, тиын» деген жалпы мағынасына кейінірек ауысқан. Тиін сөзінің тиын (монета) деген екінші мағынаға ауысуы қазақ тіліне жақын түркі тілдерінде де байқалады. Мысалы, қырғыз тілінде тыйынын бар бы? «ақшаң бар ма?»; татаршада Тиен булмаса сум булмый (мақал) «Тиын болмаса, сом болмайды» деп айтылады.
Тиын сөзінің орыс тіліне де кіргенін көреміз, ол өзі жеке қолданылмаса да, басқа сөзбен қосылып айтылады. Мысалы, көне орыс тіліндегі алтын «в старину монета в три копейки» сөзі алты тиын «шесть белок» деген сөзінің өзгерген түрі делінеді. Тиын сөзінің қысқарып «тын» түрінде кездесетіндігі орыстың нибиртынки «ни копейки», унтынка «десять копеек» сөздерінен көрінеді.
Жануар терісінің ақша мәніне ауысуы басқа тілдер де байқалады, мәселен, ежелгі орыс тілінде ақша атауларының кейбірі жануар атауымен байланысты екендігі көрінеді. Көне орыс және славян тілдеріндегі куна ақша бірлігінің куница деген жануардың терісімен байланысты екендігін жоққа шығара алмаймыз. Мысалы: Куница «зверек» древ. русс. куна «денежная единица» первоначально означало «куний мех, стоящий один дирхем», затем куны (множ.) «деньги»: укр., белор. куна, болгар. куница, серб, хорв. куна «куница, мех куницы», польс. куна «куница; определенная форма платы.
Хорватияның ұлттық валютасы куна да осыдан шыққан екен.
Тіпті біз ауызекі тілде доллар мағынасында айтатын бакс сөзі ағылшын тіліндегі buckskin «бұғы терісі» дегеннен келді деп жорамалдайды. Америкадағы алғашқы қор нарығы да тері нарығы болатын. Қыста ауланған бұғының терісі жазда өлтірілген бұғыға қарағанда еке есе қымбатқа және 6 құндыз бен 12 қоянның терісіне тең деп есептелетін.
Осылайша ертеде ақшалар металл, аңның терісі және мата түрінде болып, ең соңында қағаз нұсқасына дейін дамып жеткен.
Қорыта келгенде, қазіргі тиын сөзі тиін аңымен тікелей байланысты екендігінде күмән жоқ. Бұрынғы заманда тиін жануарының терісі ақша орнына қолданыла келіп, артынан ақша, «монета» деген жалпы мағынаға ауысқан. Тілдегі қалыптасқан мағынасынан кейін «ең кіші валюталық бірлік» деген терминдік мағынасы жасалған. «Тиін және оның бағалы терісі» мағынасындағы тиін сөзі түркі тілдерінде де «тиын, ақша» мағыналарына ауысқан. Ол ауысу да тиын терісінің өте ерте кезеңдерден «сауда құралы, ақша орнына жұмсалған бағалы тері» ретінде қолдануымен байланысты.