«Қазақ тілінде сөйлемеймін». Депутат халықты алдамай, мәселені шешуді ұсынды

31 Қазан 2023, 15:45
13018
Бөлісу:
«Қазақ тілінде сөйлемеймін». Депутат халықты алдамай, мәселені шешуді ұсынды
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Қазақ тіліне қатысты заң бұзғандарды жауапқа тартатын орган жоқ. Бұл туралы Мәжілісте депутат Абзал Құспан айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Заң жобасын депутаттар талқылап, басты спикерге сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.

Осы Әкімшілік кодекс қабылданғалы бері, шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Әкімшілік кодекстің материалдық бөлігінде 75-бап бар. Ол бапта тіл заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Қазіргі қоғамда қазақ тілінің мәселесі күйіп тұр. 75-бап бойынша айыппұлдар барлығы көрсетілген. Ал 804-бап бойынша, яғни процестік бөлігі 75-бап бойынша әкімшілік хаттама толтыратын бірде-бір мекеме белгіленбеген. Тиісінше, тіл бойынша заңды бұзады, қазақ ұлтының ар-намысына қатысты сөздерді айтады. «Қазақ тілінде сөйлемеймін» деген сияқты тілге қатысты жағдайлар бойынша адамдарды жауапкершілікке тартайық десек, бірде-бір өкілетті орган жоқ, - деді Мәжіліс депутат Абзал Құспан.

Депутаттың айтуына қарағанда, өсімдік карантиніне байланысты хаттама толтырып, сотқа жеткізетін мекемелер бар. Ал тілге қатысты ондай мекеме жоқ.

Біз 75-бапты жұмыс істемейтін бап ретінде алып тастауымыз керек. Тілге қатысты заң бұзғандарға қатысты бір өкілетті органды айқындау керек. Қазір ұсыныс енгізейін десек, тілге қатысты орган жоқ. Тілдерді дамыту комитеті біресе ана министрлікке, біресе мына министрлікке көшеді. Қазір Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарайды. Халықты алдамай, осы мәселені бір жағына шығаруымыз керек, - деді ол.

Өз кезегінде Әділет вице-министрі Алма Мұқанова хаттамалар толтыратын уәкілетті органдар тізімі бар болуы керегін айтты.

Егер де 75-бап бойынша уәкілетті орган көрсетілмесе, біз оны жұмыс тобымен қарап, пысықтауға дайынбыз. Себебі соттың 804-бабы бойынша қызмет пен құрам бар болса, хаттамасыз ол нормаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Кодекс аясында осындай жетіспеушілік болса, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Уәкілетті органмен қосымша пысықтау жұмысын жүргіземіз, - деді Алма Мұқанова.

Өзгелердің жаңалығы