Қазақ тілін үйрену үшін оқыту форматын өзгерту қажет - ұстаз

2 Ақпан 2023, 17:36
1539
Бөлісу:
Қазақ тілін үйрену үшін оқыту форматын өзгерту қажет - ұстаз

Алты тілді еркін меңгерген жас ұстаз Нилуфар Әмірасланова қазақ тілін үйретуде жаңа жоба ұсынды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Облыс орталығындағы №1 мектеп-гимназиясында ағылшын тілінен сабақ беретін жас ұстаз орыс, қазақ, әзірбайжан, ағылшын, неміс және түрік тілдерін жетік меңгерген.

«Өзім әзірбайжан ұлтының өкілімін. Отбасында ана тілінде сөйлесеміз. Сол себепті әзірбайжан тілін жетік меңгергенмін. Көкшетаудағы №8 орта мектепте білім алдым. Қазақ тілін үйренуге деген ықыласымды оятқан ұстаздарыма айтар алғысым шексіз», – деп еске алады ол.

Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренгілері келсе, ең алдымен оның құрылымын, грамматикасын, лексикасын зерделеп, қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ танысу қажет деп есептейді педагог. 

«Мемлекеттік тілді дамыту үшін тың жобалар, оқытудың инновациялық әдістері қажет. Қазіргі уақытта білім беру бағдарламалары тиісті нәтиже бермей келеді. Қазақ тілін үйрету үшін жаңа бағыт қажет. Оқыту форматын өзгерту қажет, ол біржақты жалықтыратын сабақтар болмауы тиіс. Қазақ тілін толық меңгеру үшін тілдік орта қажет. Алайда, тілдік ортаның мақсатты аудиториясы болуы керек – оқушылар, студенттер, медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, жұмысшылар және т.б. Мысалы, елімізде ағылшын тілін тегін үйрететін English сorner әдісі сәтті жұмыс істейді. Бізде де осындай Kazakh corner ұйымдастыруға болады және бұл өте қажет деп санаймын», - деп түсіндірді жас ұстаз.

Бастапқыда репетиторлықпен айналысқан ол кейін ұстаздық қызметті таңдаған, әрі бұған еш өкінбегенін айтады. 

«Мұғалім – мәртебелі мамандық иесі. Ең алдымен, оның еңбегі жоғары бағаланады. Әрине, білім беру жолында ізденісті тоқтатпау керек», – деп бөлісті ұстаз.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде шет тілдері бойынша бакалавриат пен магистратураны сәтті тәмамдаған ол университетте де қазақ тілін үйренуді тоқтатпаған. Кейін кино, бағдарламалар көріп, ән тыңдап, курстарға қатысып, түрік тілін өз бетінше үйренген.

 «ЖОО-да қазақ тілі арқылы ағылшын тілін меңгеру оңайырақ болды. Біз мемлекеттік тіл арқылы шетел сөздерін үйрендік. Бірнеше тіл білу, менің ойымша, бүгінде қажеттілікке айналды. Мысалы, кейде түрік тілінде мақал айтып қаламын. Оқушылар бірден «бұл қазақ тіліне ұқсас қандай тіл?» деп сұрайды. Әлеуметтік желілер арқылы видео түсіру және монтаждау кезінде балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын байқаймын», - дейді Нилуфар Әмірасланова. 

Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол пәндерді ағылшын немесе неміс тілдерінде оқытуды жоспарлап отыр.

«Балаларды білімге ынталандырғым келеді. Бүгінгі оқушылар еркін және өте талапшыл. Олар мұғалімнен жоғары кәсібилікті күтеді, мүмкіндігінше заманауи және барлық трендтерден хабардар болуды талап етеді. Ол  үшін үнемі оқып, өзіңді дамытып отыру керек», – дейді педагог.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында қазақ және орыс тілдерін жақсы меңгерген балаларды тәрбиелеу қажеттігі туралы айтты. 

«Тіл үйрену адамның ойлау жүйесін дамытады. Бір ұлттың тілін меңгеру барысында ол елдің мәдениетіне де терең бойлаймыз. Тарихқа көз жүгіртсек, тұтас бір ұрпақ орыс тілді ортада өсті, нәтижесінде ел халқының көпшілігі екі тілде сөйлейді. Біз Қазақстанда тұрғандықтан, көпұлтты Отанымыздың тілін білуге тиіспіз және міндеттіміз. Ең бастысы – ынтаңыз бен өз еліңізге деген құрметіңіз. Басқа этнос өкілдерінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі ешкімді таң қалдырмайтын уақыт келетініне сенімдімін», – деп түйіндеді педагог.

Өзгелердің жаңалығы