Қазақ тілін оқу үшін диджей болды

23 Қараша 2022, 17:22
954
Бөлісу:
Қазақ тілін оқу үшін диджей болды
Фото: автордан

Торайғыров университетінің студенті қазақ тілін меңгеру үшін радиода диджей болуды жөн санаған, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Мұнай-газ мамандығы бойынша оқитын Александра Красильникова орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Енді қазақ тілін меңгеруді көздеп отыр. Мемлекеттік тілді тереңнен зерттеп, оқу үшін университеттің радиосына диджей болуды шешіпті.

Радиода бағдарлама жүргізу үшін іріктеуден өттік. Ол үшін орыс, қазақ және ағылшын тілдерін білу керек. Іріктеу барысында мәтіндерді мәнерлеп оқып, жаңылтпаштарды жаттадық. Бұл – мен үшін тәжірибе. Ізденуге де, шығармашылықпен айналысуға да зор мүмкіндік туды, - дейді студент.

Қазіргі уақытта күніне 10 сағат хабар тарататын радиода 20 студент бар. Техникалық, шығармашылық жағын жастар өздері реттейді. Эфир мазмұнын ақпараттық және танымдық мазмұнмен толықтыруды да өз жауапкершіліктеріне алған. Қазіргі уақытта Александра Красильникова үш тілде қатар бағдарлама жүргізеді. Эфир музыка, өнер тақырыбына арналған.

Мектепте оқығанда қазақ тілінен пәндік олимпиадаға қатысып жүрдім. Жүлделі орындарға да ие болған кездерім болды. Университетімізде әр сәрсенбі күні «Менің тілім - мәртебем» атты акция ұйымдастырылады. Бір күн мемлекеттік тілге арналады. Радиода қазақ әндерін қойып, қазақ тілінде хабар таратамыз. Жалпы, білуімізше, университетте оқитын студенттер мен жұмыс істейтін қызметкерлердің басым бөлігі мемлекеттік тілде сөйлейді. Біз соларға жақын болғымыз келеді. Қазақ тілін білу – заман талабы, - дейді радио жүргізушісі. 

Студенттердің айтуынша, мемлекеттік тілді меңгерудің ең тиімді тәсілі қазақтілді адамдардың ортасында жүру. Тыңдап, көріп, араласқан кезде кез келген тілді ауызекі деңгейде үйреніп алуға болады. 

Қазақ тіліндегі әндерді тыңдаудың да пайдасы зор. Қазіргі уақытта отандық эстрадада талантты өнерпаздар көп. Мәселен, бізге Еңлік, Молданазар сияқты әншілер ұнайды. Радиода бағдарлама жүргузі де көмегін тигізіп отыр. Сонымен қатар, үйде тілді оқу бойынша кітаптар бар. Алдағы уақытта «Қазтест» сынағын тапсырмақпын, - дейді студент.

Торайғыров университетінің радиосы таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. 

Өзгелердің жаңалығы