Қазақ тілін білудің күнделікті өмірде пайдасы көп – тіл үйренушілер

2 Ақпан 2023, 10:25
1386
Бөлісу:
Қазақ тілін білудің күнделікті өмірде пайдасы көп – тіл үйренушілер
Фото: matritca.kz

Жамбыл облысында ұлттық бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ететін кешенді жұмыстар істеліп жатыр. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Қазақ тілін оқыту орталығының жетекшісі Гүлхан Әлімбекова айтты. 

Сонымен бірге, өңірде тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тілдерін, мәдени дәстүрлерін оқып-үйреніп, дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалған.

Осылайша, халықтың басым бөлігінің қазақ тілін меңгеруіне, оның қолданыс аясының кеңейіп, тіл мәдениеті деңгейінің артуына мемлекеттік саясат та ықпал етуде. Бұл үдерісте Тараз қаласындағы тілдерді оқыту орталығы мен оның аймақтарда орналасқан филиалдары маңызды рөл атқарады.

Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясы айтарлықтай кеңейді. Оны барынша көп азамат қолдануы үшін нақты қадамдар жасалды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің жаңа кезеңі қазақ әліпбиінің латын әліпбиіне көшуіне бағытталған шаралардан басталды. Кешенді жұмыстың арқасында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік туды, соның ішінде балалардың да, ересектердің де қазақ тілін үйренуіне деген қызығушылығын арттыру аса маңызды. Бұл іске Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы өз үлесін қосу үстінде. 

Орталық оқытушылары тіл курсында оқитын студенттерге қазақ тілін тезірек меңгеруге көмектеседі, оларға қолдау көрсетеді. Соның нәтижесінде жыл сайын мемлекеттік тілді уйренушілердің қатары артып келеді.

Өткен жылы Жамбыл облысында қазақ тілі курсын 3 547 адам бітірсе, оның 462-сі Тараз қаласында тұрады. Оқу процесі деңгейлерге бөлінеді, барлығы бес деңгей бар. Әр деңгейдің ұзақтығы 100 сағатты құрайды. Жыл сайын қазақ тілін үйренуге ниет білдірушілердің саны 30 пайызға артып келеді. Жыл басынан бері Ресейдің алты азаматы курстарға жазылды, оның үшеуі оқуын бастап кетті, - дейді тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Гүлхан Әлімбекова.

Оның айтуынша, тілдерді үйрену процесінде ең бастысы - бастапқы кезеңде қателіктер болса да, сөйлеуден қорықпау. Бұл кедергіні жеңгенде, қарым-қатынас процесі жеңіл және оңай болады әрі тіл үйренуге деген құштарлық артады. Орталық қызметкерлерінің мақсаты да осыған саяды.

Орталық жетекшісі ағымдағы жылдың жоспарына да тоқталды. Биыл мекеме мен оның аймақтық филиалдары бес мыңға жуық азаматты оқытуды көздеп отыр. Қазіргі таңда Жамбыл  облысында 74 оқу тобы құрылып, онда 986 адам білім алып жатыр, оның ішінде Тараз қаласында 101-і оқиды.

Тіл үйрету орталығынан бөлек, өңірде жекеменшік курстар көп-ақ. Сонымен қатар облыс тұрғындарының көбісі тілді өз беттерінше меңгеруге күш салады. Олардың қатарында Жамбыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының заңгер-кеңесшісі Хабиб Әлиев те бар.

Қазақ тілі оқу бағдарламасына енгізілгендіктен, мектептен бастап оқи бастадым. Ана тілінде сөйлейтіндердің арасында достарым мен таныстарым көп болғандықтан, мен қазақша тез сөйлей алдым. Үйренген дағдыларым менің еңбек жолымда, жеке өмірімде көп көмектесті. Тілдік кедергі болмағандықтан, хабарласқан азаматтарға да оңай кеңес бере аламын. Күнделікті өмірде мен де мемлекеттік тілде жиі сөйлеймін. Бұл дүкендегі кассирмен немесе емханадағы кезекте тұрған пациентпен әңгіме болуы мүмкін. Қазақ тілін білу күнделікті өмірде көп көмектеседі, – дейді Хабиб Әлиев.

Қорыта айтқанда, қазақ тілінің қоғамдағы беделі жылдан-жылға артып келеді деп айта аламыз. Түрлі этникалық топтардың көптеген өкілдері тек ана тілінде сөйлейтіндермен ғана емес, өз араларында да еркін сөйлеседі.

Өзгелердің жаңалығы