«Қазақ тілі - ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы басталды

2 Наурыз 2024, 10:48
194
Бөлісу:
«Қазақ тілі - ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы басталды
Фото: gov.kz

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі-ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Симпозиумның басты мақсаттары: ғылым салаларындағы ұлттық мазмұнның сапасы мен деңгейін бағалау, келешекте даму жолдары туралы ұсыныстар тұжырымдау, ғылымның саяси-құқықтық мәселелерін, ұлттық мазмұнын нығайту тұрғысында қарастыру, ғалымдар, ғылыми кадрлар дайындаудағы ғылым мен білім беру аралығындағы арақатынас проблемаларын талқылап, ұсыныстар енгізу, ғылыми тәуелсіздік, ғылым және қазақ тілі мәселелерін жан-жақты талқылау болды.

Салтанатты кешті ашып беру үшін Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алғашқы сөз тізгінін алды.

Цифрлық әлемде дамып келе жатқан кез келген тілдің болашағы бар. Мұның себебі – жаңа технологияларды белсенді қолдану. Біздің министрліктің алдында үлкен міндет тұр, сондықтан біз симпозиумға «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүрлер мен инновациялар» тақырыбын бердік. Бір жағынан, халқымыздың дәстүрлі түрде қалыптасқан тарихи, орфографиялық, орфоэпиялық мәдени мұрасын сақтап қалуымыз керек, екінші жағынан, тілімізде жаңашылдықты дамытып, алгоритмді қалыптастырмасақ, ұлттық лингвистикалық жүйеге келтірілген цифрлық форматтағы жүйелерімізді пысықтамасақ, онда, шын мәнінде де тіліміздің болашағы мүшкіл. Биыл біз «Kazakh LLM» жобасын және жасанды интеллект алгоритмдерін құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекелестікке қатысуы тиіс деген шешім қабылдады. Біз күн сайын боттармен сөйлесеміз, сондықтан лингвистика саласында жаңа көкжиектер, жаңа тақырыптар ашыла бастады – біз барлық мүмкіндіктерді жақсы пайдалануымыз керек, - деп атап өтті С. Нұрбек.

Сондай-ақ, министр қазақ тілін әлемдік платформаларға енгізу жоспарына егжей-тегжейлі тоқталды. Осылайша, қазір тілді цифрландырудың үлкен стратегиясы дайындалуда. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеке жоспар дайындап жатыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 3 бағыт бойынша көмек көрсетеді: «Kazakh LLM» (Тілдік үлкен моделі) жасанды интеллект бойынша кадрлар даярлау, сондай-ақ ғылыми ортаны дамыту үшін НУ университетінде ауқымды міндеттерді шешу үшін суперкомпьютер құрылады.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, ҚР Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев құттықтау тілектерін жеткізді. Олар симпозиумға қатысушы ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі.

Бай тілімізді қолға алып, жаңартып, оны әлемдік деңгейде дәріптейтін уақыт жетті. Бүгінде біз қазақ тілі – ғылым тілі деп айтып жатырмыз. Ана тіліміздің ғылым тілі бола алатындығына көзіміз әбден жеткендігін, сол салада іс жасап жатқандығына қатты қуанып тұрмын. Осы мақсатта бірқатар ауқымды шаралар қолға алынып, жақсы мүмкіндіктер жасалуда – бүгінгі іс-шара соның дәлелі, – деді Қанат Айтбаев.

Пленарлық отырыста тіл мәселесін қоғам алдында көтеріп жүрген ғалымдар өзекті баяндамалар жасап, қазақ тілінің ғылым тіліне айналу мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, симпозиум аясында Ахмет Ясауи университетінің «Актерлік өнер» мамандығының студенттері түркі халықтарының ортақ рухани діңгегі Қожа Ахмет Ясауиге арналған «Ясауи жолы» қойылымын көпшілік назарына ұсынып, зор қошаметке ие болды.

Айта кетейік, республикалық симпозиум Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Екі күнге созылатын басқосуда ғалымдар 6 секция бойынша баяндамалар жасап, ой-пікір алмасады.

Өзгелердің жаңалығы