Қазақ тілі, баспасөз картасы, мәртебе: Масс-медиа туралы заңда не айтылған?

19 Маусым 2023, 15:04
1136
Бөлісу:
Қазақ тілі, баспасөз картасы, мәртебе: Масс-медиа туралы заңда не айтылған?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжілісте «Масс-медиа туралы» заң жобасының призмасы арқылы медиа саласының даму тенденциялары туралы дөңгелек үстел өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов жаңа заң жобасын таныстырды.

Соңғы құжат 1997 жылы қабылданған. Осы уақытқа дейін ол құжатқа 40-тан астам өзгеріс пен түзету енгізілген.

Енді министрлік жаңа заң жобасын әзірледі. Ол заң жобасы ашық түрде талқыланып, әзірленгенін айтты.

Заңда не бар?

Ең алдымен журналистің мәртебесін көтеру ескерілген. Яғни отандық БАҚ саласының мәртебесін, абыройын көтеру – басты бағыттың бірі. Шектеу мерзімін белгілеу – маңызды норма. Себебі қазіргі таңда шектеу мерзімі туралы норма жоқ. Қарапайым сөзбен айтқанда, 10 жылдан кейін, 20 жылдан кейін немесе 30 жылдан кейін кейбір азаматымыздың БАҚ өкілдерін сотқа беру құқықтары бар. Бұл норма енді 3 жылға дейін шектеледі, - деді Қанат Ысқақов.

Айтуынша, бұл қазір БАҚ өкілдерінің жұмысына кедергі келтіріп жүр.

Егер осы норманы қабылдасақ, бұл отандық БАҚ саласының дамуына серпін береді. Екінші норма – БАҚ өтініштерін қарау мерзімдерін 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту. Бұл ереже журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзім ішінде алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар әртүрлі бағытта ұлттық баяндамалар жасайды. Бұл үрдіс біз үшін маңызды. Біз мемлекеттік емес органдармен бірлесе отырып, жыл қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына ұлттық баяндаманы әзірлейміз. Ұлттық баяндама журналистердің құқықтарының сақталу мониторингі, талдау мәліметтері, журналистердің жұмысын қауіпсіз істеуі, ақпаратты еркін алу және тарату бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді, - деді вице-министр отырыста.

Ол заңда көрсетілген баспасөз карталарына қатысты норманы да түсіндіріп өтті.

Баспасөз карталары журналистердің ақпарат алуына, ақпарат таратуына ешқандай кедергі келтірмейді. Баспасөз картасы керісінше БАҚ өкілдерінің жұмысын жақсартуға бағытталған құжат. Баспасөз картасын алмаған журналист өз қызметін қазіргідей жалғастыра береді. Бұл міндетті шектейтін немесе қосымша талаптар қоятын құжат емес. Ол журналистерді аккредиттеу, іс-шараларға қатысу, мемлекеттік органдардың ғимараттарына кіруін жеңілтедетін құжат, - деп атап өтті Ақпарат министрлігінің өкілі.

Баспасөз картасын министрлік емес, мемлекеттік емес ұйымның атынан беріледі.

Ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттігін арттыру, соның ішінде мемлекеттік тілдің рөлін көтеру нормасы да заңда көзделген.

Мемлекеттік тілдің рөлін арттыру үшін қандай норма енгізіп жатырмыз? Ең алдымен, мемлекеттік тапсырыс аясында жасалатын контенттің 70 пайызы қазақ тілінде болуы керек. Қазір бізде ондай норма жоқ. Бірақ қазір оны заңға бекітіп жатырмыз. Мемлекеттен бөлінетін қаражатқа жасалатын контенттің екіде үш бөлігі қазақ тілде әзірленуі тиіс. Мемлекеттік контент қазір өте маңызды, тұтынушыларға қажет, бәсекеге қабілеттілігі де өте жоғары, - деп айтты вице-министр Қанат Ысқақов дөңгелек үстелде.

Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті бекіту және нығайту маңызды.

Ақпараттық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Соның ішінде шекаралас мемлекеттердің БАҚ құралдары, телеарналары, радио құралдары болуы біз үшін өте үлкен мәселе. Сол себепті осы мәселені субсидиялауды енгіздік, - деді вице-министр.

Оның сөзінше, министрлік әзірлеген заң отандық БАҚ құралдары өкілдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған құжат.

Өзгелердің жаңалығы