Жамбыл облысында қазақ-қырғыз құтқарушыларының өртке қарсы бірлескен оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Екі елдің өзара шекарасы 716 шақырымға созылып жатыр. Қауіпсіздік шарасы екі жаққа да маңызды. Өрт сөндіру бойынша оқу-жаттығу Жамбыл ауданының Қырғызстанның Талас облысымен шекаралас аумағында өтті. Трасшекаралық аймақтағы өртті сөндіруге 30 техника мен 134 жеке құрам қатысты. Далалы жерде тұтанған жалынға алдымен өртке қарсы ерікті құралымдар мен орманшылар жұмылдырылды. Жеке құрам өрттің жайылып кетпеуін қадағаласа, тракторлар жел бағытындағы жерді жыртып, жалынға тосқауыл қойды. Одан соң көмекке екі ел өрт сөндірушілері қосылды.
Жалпы Жамбыл облысында 4 жарым миллион гектарға жуық орман қоры бар. Бұл облыс аумағының 30 процентін құрайды. Ал ол жерлерде өрттің тұтанбауын 938 орманшы тәулік бойы бақылауда, - деді Жамбыл облыстық ТЖД бастығы Ермек Момбаев.
Айта кетерлігі дала өртінің алдын алу үшін ауылдық округтерде 1500 еріктіден құралған арнайы топтар құрылған.
Жалпы жыл басынан бері Жамбылда 22 өрт оқиғасы тіркелді. Дала өртінің ауқымдысы Байзақ ауданында шығып, жалын 365 гектарды шарпыған болатын.