Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. QAZAQ QURESI Халықаралық федерациясының президенті Қанат Бозымбаев жаңа жобалары жайлы айтты. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.
Еуропа чемпионатына Албания, Армения, Әзербайжан, Австрия, Беларусь, Болгария, Кипр, Эстония, Грузия, Грекия, Исландия, Израиль, Италия, Латвия, Литва, Молдова, Норвегия, Польша, Румыния, Ресей, Сербия, Словения, Испания, Украина секілді 24 елден 120 балуан қатысты.
Қазақстанда және шет мемлекеттерде ұлттық спорт – қазақ күресін танытып жүрген Халықаралық Qazaq kuresi федерациясына биыл екі жыл толды.Халықаралық қазақ күресі федерациясы «халықаралық» мәртебесімен ғана шектеліп қалмайды. Федерация қазақ күресін әлемдік деңгейдегі турнирлерді ұйымдастырушы ретінде еліміздегі бірегей қоғамдық ұйым болып отыр. Сонымен қатар, Халықаралық қазақ күресі федерациясы – ұлттық спорт түрін әлемдік деңгейде дамытып, халықаралық серіктестер мен спортшылардың басын біріктіріп жүрген бірлестік.
QAZAQ QURESI Халықаралық федерациясының президенті Қанат Бозымбаев шетелде қазақ күресінен беделді турнир өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
- Қанат Алдабергенұлы, Польшаның Вроцлав қаласында Qazaq Kuresi Еуропа чемпионаты аман-есен, сәтті өткіздіңіздер. Алдағы уақытта Сіздің басшылығыңызбен халықаралық федерация қазақ күресінен шетелде жаңа беделді турнирлер өткізуді жоспарлап отыр екен. Бұл туралы толығырақ айтып беріңізші.
- Біз Қазақстаннан тыс жерлерде қазақ күресін насихаттауды жалғастырамыз. Осы мақсатта Азия және Әлем чемпионаты жоспарлануда. Азия чемпионатын Моңғолияда өткізу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда чемпионатқа дайындықтың белсенді кезеңіне көштік. Қазірдің өзінде федерациялардан өтінімдерді қабылдап жатырмыз, әдеттегіше салмағы, сәйкестігі деген сияқты параментрлермен таңдау жүргізіп, ұйымдастыру мәселелерін шешудеміз.
- Сонымен Азия чемпионаты қашан өтеді?
- Жақында - биыл 16-17 тамызға жоспарладық.
- Жақында демекші, осыдан 1-2 ай бұрын федерацияның құрылғанына 2 жылдың төңірегі болыпты. Бұл ретте, өзіміздің де, шетелдің де ақпарат құралдары Qazaq quresi халықаралық федерациясының қызметін жазып жатқанын білеміз. Осы күні федерация әлем бойынша өз одақтастарын жинай алатын, шетелде қлттық күрестен беделді турнирлерді өткізетін жалғыз спорт федерациясы атанып жүр. Баспасөз, спорт сарапшылары қазақстандық федерация мұндай салмақты және ең бастысы керемет нәтижелерге қол жеткізе алмайтынын алға тартады. Оның үстіне, Еуропа және Әлем чемпионаттарын сәтті ұйымдастырғаннан кейін, қазақ күресінен Халықаралық федерация жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қазақ күресін қосады деген қауесет бар. Ол жағы қалай?
- Әрине, бұл біздің мақсатымыз. Алайда оған жету үшін бірнеше жыл уақыт қажет. Осы уақытқа дейін біздің федерация құрамына 29 шет ел және екі халықаралық спорт ұйымдары кірді. Жақын арада бізге тағы 10 шетелдік мемлекет қосылады деген үміттеміз. Біз осы елдердің ұлттық чемпионаттарында тұрақты жұмыс жасауды мақсат тұттық. Федерацияда кем дегенде 40 шетелдік федерация болған кезде, біз Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен Халықаралық Олимпиада Комитетімен келіссөздерді бастаймыз деп үміттенемін.
- Qazaq kuresi алдағы жазғы Олимпиада ойындары бағдарламасына енуі мүмкін бе?
- Жуырдағы олимпиададан үміт аз. Әрине, кейбір халықаралық федерациялар тарапынан қызығудың да, қызғаныштың да бар екені жасырын емес. Мәселен, Халықаралық дзюдо федерациясындағы әріптестеріміз спортшыларға Qazaq kuresi-нен жарыстарға қатысуға тыйым салады. Дегенмен қазақ күресі мен дзюдо бір-бірін байыта алар еді. Біз өз палуандарымызға тыйым салмаймыз, олар өздері қалаған жерде күресіп, барынша мықты техниканы меңгергені игі. Сондықтан біз Халықаралық Олимпиада Комитетімен жұмыс істеп, федерациялар арасында әріптестік диалог құрамыз деп ойлаймын.