Қырғызстан, Беларусь және Армения қазақ мұнайын импорттауға мүдделі

19 Желтоқсан 2019, 14:14
4961
Бөлісу:
Қырғызстан, Беларусь және Армения қазақ мұнайын импорттауға мүдделі
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қырғыз елі шикізатты да, дайын мұнай өнімін де бізден алуға ниет білдіріп отыр. Олар мұнайдың өзін тасымалдағанымызды қалап отыр. Тіпті, біздің мұнайға өз нарығын толығымен ашып беруге дайын тұр. 

Әзірге өзара келіссөздер жүргізіліп жатыр. Дегенмен, тасымалданатын мұнай көлемі жөнінде айту әлі ерте. Бұл жөнінде бүгінгі брифинг барысында энергетика вице-министрі Әсет Мағауов тілшілердің сауалына жауап берді. 

Қырғызстан Республикасымен келісімшарт жүргізілуде. Біз олардың өкілетті органдарымен келісіп, арнайы келісімшартты әзірледік. Бүгінгі күні басқа министрліктерге қарап, келісуге жолдадық. Оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі бар. Олардың ұсыныстарын алғаннан кейін, Қырғыз елімен жұмысты жалғастырамыз. Өзгерістер енгізілгеннен соң, арнайы сараптамадан өткеннен соң қол қоюға дайындаламыз. Көлемін қазір айта алмаймын. Оған әлі ерте, - деді вице-министр.

Бұған дейін экс-министр Қанат Бозымбаев өзара тиімді келісімшарт жасаса алмай жатқанын айтқан еді. Себебі, Қырғызстан реэкспортты қалайды, яғни ЕАЭО аясында ешқандай салық салмай бұрын басқа елдерден әкелінген тауарларды, шикізатты "қайта сатуды көздеп отыр" деген болатын.
Осыған ұқсас келісімшартты еліміз Беларусь және Армения елімен де жасасқан. 

Шыныменде ЕАЭО-ға тиесілі келісімшартта мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау "екіжақты келісімнің негізінде реттеледі" деп көрсетілді. Жалпы, Қырғызстан, Беларусь және Армения елдеріндегі әріптестеріміздің амал-әдістері өзара ұқсас. Бізден тасымалданатын мұнай және мұнайдан өндірілген өнімдер тек сол елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуі тиіс. Біз бұны екі елмен де өзара келістік. Мұнай өнімдерін тасымалдау арнайы индикативті баланспен реттелетін болады. Көршілеріміздің сұранысы жоғары болуы мүмкін. Алайда, біз алдымен ішкі нарықтағы ахуалды басшылыққа аламыз. Мұнайды тасымалдау үшін "жеткілікті ресурсымыз бар ма, жоқ па?" екені ескеріліп қана, мұнай көлемі белгіленетін болады, - деп өз сөзін толықтыра түсті Әсет Мағауов.

Ол қазір мемлекетаралық ішкі рәсімдер жүргізіліп жатқанын айтты. Спикердің сөзіне сүйенсек, қырғыз елі өз нарығын толығымен Қазақстанға ашып беруге дайын отыр. 

Бізде айтарлықтай артық өнім болмағандықтан, оларға Ресей нарығына бағытталуды ұсындық. Қырғыз елі шикізатты да, дайын мұнай өнімін де бізден алуға ниет білдіріп отыр. Армения мемлекеті Қырғызстан мен Беларусь еліне қарағанда көлемін әлі айтқан жоқ. Себебі Армениямен арадағы көліктік дәліз өте күрделі, себебі логистика жағы қиындау болып тұр. Бірақ олар да өз нарығында біздің мұнайды көргісі келеді, - деп мәлімдеді Энергетика министрлігінің ресми өкілі.

Мағауов жазда Тәджікстан мен Ауғанстан нарығына тасымалдаған кезде отандық мұнай бәсекеге қабілетті болып, сол елдерде жанармай бағасының төмендеуіне себеп болғанын айтып өтті. 

Айта кетейік, 25 қазанда "мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жөнінде келісімнің негізгі шарттарын жасадық. "100% келістік" деп айта аламын. Келісімде тасымалданатын мұнай көлемі айтылмайды, есесіне оны "тасымалдау шарттары, ережелері жазылған" деген еді бұрынғы министр Бозымбаев.

Өзгелердің жаңалығы