Елордада 2025 жылы алғаш рет әскерилер арасында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін CISM (Conseil International du Sport Militaire) күрес президенті майор Насер Хассани Астанаға келді. Іссапардың мақсаты Қазақстанның қазақ күресінен тұңғыш CISM әлем чемпионатын өткізуге дайындығын тексеру, төл күрес туралы деректермен танысу және Қазақстан өкілдерімен кездесу болды. 2025 жылы Астанада әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекені өткізу мамыр айында Танзанияның астанасы Дар-эс-Салам қаласында CISM халықаралық әскери спорт кеңесінің 79-шы Бас ассамблеясы мен конгресінде белгілі болды.
Ұлттық құндылығымыз қазақ күресін дамытуда әлемдік деңгейде үлкен іс-шаралар өткізіп, (UWW) қатарына қосылды. Төл күресіміз алғаш рет Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының (World Combat Games) бағдарламасына енді. Елдің ішінде тәрбие мен мәдениеттің құралы ретінде бұл спорт түрі насихатталуы қажет. Мысалы ағылшындықтар футболын, Канада хоккейін, жапондар дзюдоларын өздерінің ұлттық спорт түрлерін әлемдік мәдениет қатарына енгізді. Біз де қазақ күресін әлемдік аренада бренд ретінде қалыптастыруымыз керек. Әскерилер арасында өтетін бұл жарысқа үлкен жүйелі жұмыстар атқарылады. Екі министрлік арасында үлкен жол картасы сызылады. Сол жоспар бойынша жұмысты бастаймыз, - деді Cпорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ Насер Хассани бұл чемпионаттың маңыздылығына тоқталып, алдағы жарыстарға қазақ күресін қосу бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
2025 жылы өтетін Әлем чемпионатына байыпты, ұқыпты қарауымыз керек. Сондай-ақ 2027 жылы Иран Республикасында күрес түрлерінен жарыс өтеді. Танзанияда болған конгресс барысында да осы мәселе қозғалды. Сондай-ақ қазақ күресін сол жарыста қосу бойынша әрекет жасағым келіп тұр. Қазақ күресінің ережелерін алдым. Сол бойынша басшылыққа жолдадым, - деді Насер Хассани
Әлемдегі ең ірі спорт ұйымдарының бірі саналатын Conseil International du Sport Militaire 140 елдің әскери қызметшілерін біріктіреді.