Қазақ киносының майталманы Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті

Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті кинорежиссердің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты. Оның қазақ киносына қосқан мұрасы мәңгі сақталады.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі 5 Тамыз 2026, 11:46
5 Тамыз 2026, 11:46
269
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және барша киносүйер қауымға қайғыра көңіл айтады.

Ұлттық кино өнерін дамытуға саналы ғұмырын арнаған Ардақ Жамансарыұлы қазақ кинематографиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Дарынды режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде бірнеше буын киногерлердің қалыптасуына ықпал етті. 

Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» және өзге де фильмдері ұлттық кино өнерінің алтын қорынан орын алды. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленіп, көрермен қауым мен кәсіби ортаның жоғары бағасына ие болды.

Ардақ Жамансарыұлының жарқын бейнесі, өнегелі ғұмыры мен қазақ мәдениеті мен кино өнерінің дамуына сіңірген елеулі еңбегі халық жадында мәңгі сақталады.

Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! - делінген министрліктің хабарламасында.

Наверх