Қазалылық кәсіпкер мемлекеттен көмек алып кәсібін жүргізіп жатыр

25 Шілде 2022, 12:05
1610
Бөлісу:
Қазалылық кәсіпкер мемлекеттен көмек алып кәсібін жүргізіп жатыр
PHOTO

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Қазалы ауданында кәсіпкерлік белсенді дамып, өз ісін ашып жатқан азаматтар саны артып келеді.

Бір қуантарлығы, өз өнімін шығарумен айналысатын кәсіпкерлер көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылы Әйтеке би кентінің тұрғыны Гүлзира Нұрлыбекова «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында өткен мемлекеттік гранттар байқауына қатысуға өтініш білдірген. Конкурстық комиссия мүшелері өтінішті бірауыздан мақұлдап, кәсіпкерге 4,5 миллион теңге көлемінде грант бөлді.

«Бизнес идеям жергілікті тауар нарығына енді ғана енгізіліп жатыр. Бірақ қазірдің өзінде сұранысқа ие құрылыс материалы полифасадты шығарып жатырмыз. Дамыған технология тұсында өндірушілер «полифасад» деп аталатын жаңалықты ұсынды. Әртүрлі құрылымдарды қаптау үшін қолданылатын жаңа және заманауи әрлеу материалы. Шын мәнінде, бұл қасбеттік жылу панелі. Үйдің сыртқы қабырғаларын оқшаулауға арналған арзан материал.  Ол екі қабаттан тұрады: ішкі және сыртқы. Артқы жағында орналасқан қабат ғимаратты оқшаулауға арналған, ол тығыз материалдан жасалған: көбік, базальт және басқалар. Мемлекеттің қолдауы идеямызды жүзеге асырып, кәсібімізді жолға қоюға үлкен мүмкіндік берді», - дейді Гүлзира Нұрлыбекова.

Кәсіпкер қазіргі кезде ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі полифасад өнімін дайындап жатыр. Полифасад бүгінгі таңда қасбетті өңдеу мен әрлеудің жоғары сапасындағы құрылыс материалдарының тиімді түрі. Аталған өнім жауын шашынан және басқа да агрессивті климаттық жағдайлардан қорғайды. 

Қазалылық кәсіпкер мемлекеттен көмек алып кәсібін жүргізіп жатыр

«Полифасад жасауға қажетті құрал-жабдықтар Севастополь қаласынан әкелінді. Сол қаладан  жұбайыммен бірге өндіріс процесін үйреніп, алған білімімізді кәсібізде сәтті қолданып жатырмыз. Бүгінде біздің өнімге тұрақты сұраныс бар. Өнім ғимараттың қасбетін керемет безендіреді, сонымен қатар оны күзгі-қысқы кезеңде суықтан қорғайды. Қазір цехта 2 адам жұмыс істейді. Өндіріс көлеміне келетін болсақ, ол әдетте алынған тапсырыстар санына байланысты. Алдағы уақытта өндіріс көлемін кеңейтіп, жұмысшылардың санында арттыруға жұмыс істеп жатырмыз», - деді кәсіпкердің жұбайы Асқар Дальев.

Өзгелердің жаңалығы