ҚазАгро мал шаруашылығын дамытуға 134 млрд теңге жұмсамақ

30 Шілде 2019, 10:09
1732
Бөлісу:
ҚазАгро мал шаруашылығын дамытуға 134 млрд теңге жұмсамақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "ҚазАгро" холдингі" АҚ Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев айтты.

"2018 жылдың қорытындысы бойынша, холдинг агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемін 400 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл банктердің несиелеу көлемі күрт төмендеген кезеңінде мал шаруашылығын және жалпы ауыл шаруашылығының тұрақты өсіміне қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. 2018 жылы холдинг мал шаруашылығын несиелеуге 114 млрд теңге бағыттады. Бұл ҚазАгро тарапынан ауыл шаруашылығына берілген несиенің жалпы көлемінің 30 пайызын құрады", - деді Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, мал шаруашылығындағы ет бағытына 96 млрд теңге, сүт бағытына 18 млрд теңге қарыз қаражат берілді.

"2019 жылы холдинг мал шаруашылығын дамытуға шамамен 134 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл ретте қаржыландырудың 60%-ы холдингтің еншілес компанияларының меншікті және таратылған қаражаты, яғни бюджеттен тыс қаражат есебінен қамтамасыз етіледі", - деді Ербол Қарашөкеев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мал шаруашылығының жалпы өнімі 10,5% ұлғайғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы