Қайырымдылық қоры ауылдардағы жағдайды жақсарта ала ма

31 Қаңтар 2024, 15:05
648
Бөлісу:
Қайырымдылық қоры ауылдардағы жағдайды жақсарта ала ма
PHOTO
Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

Осы және өзге де сұрақтарға "Халық" қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Сұхбат иесі еліміздегі әлеуметтік мәселелердің қайырымдылық саласындағы жобаларға әсері, Жаңаөзен мен өзге де өңірлерде істеліп жатқан жұмыстарға қатысты ойын білдірді.

Нариман Әбілшайықов, елімізде қайырымдылық мақсатта қызмет көрсететін ұйымдардың халықтың өзекті мәселелерін шешуде рөлі зор екенін айта келіп, нәтижелі жұмыстың бар екеніне де тоқталды. Ол бұл ұйымдардың мемлекеттің барлық әлеуметтік мәселесін шешуге мүмкіндігі жете бермейтінін де түсінген жөн дейді.

- Қазір "Халық" қоры қандай жобалармен айналысып жатыр?

- "Халық " қоры 2016 жылы Тимур және Динара Құлыбаевтардың бастамасымен құрылды. Қордың қызметі еліміздегі әлеуметтік-қайырымдылық бағыттағы жобаларды дамытуға негізделген. Шет елдердегі қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың тәжірибелерімен таныссаңыздар АҚШ-та қайырымдылық қорлары гуманитарлық көмек пен денсаулық сақтау саласына бағытталғанын, Германияда адам құқығын қорғауға, Францияда экология, денсаулық сақтау және спорт саласына басымдық бергенін көре аласыздар. "Халық" қорының жүзеге асырған жобалары алуан түрлі. Дегенмен басты назар әлеуметтік, оның ішінде денсаулық сақтау, білім және спорт салаларында.

Жалпы қайырымдылық қорлар мемлекет пен қоғамның барлық мәселесін шешуді көздемейді. Десе де олардың өзекті мәселелерден сырт қалмай, үлес қосуы қоғамды ізгілендіре түсері сөзсіз. Мақсатымыз да нақты проблемалардың оңтайлы шешілуіне мұрындық болу. Біз әркез мемлекеттің бастамаларын қолдап, төтенше және табиғи апаттар болған жағдайда көмектесіп келеміз. Оны Арыстағы жарылыс, Әулиекөл ауданындағы өрт, пандемиямен күрес барысында көрдіңіздер. Бір ғана COVID-19 салдарымен күресуге "Халық" қоры 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді.

Қайырымдылық қоры ауылдардағы жағдайды жақсарта ала ма

Сондай-ақ, халықтың осал топтарын қолдап, білім алуына, спортпен айналысуына, қоғамда орнын табуына жәрдемдесудесіп келеміз.

Қор құрылған уақыттан бері 50 млрд теңге тұратын 120-дан астам жобаны жүзеге асырды. Жоғарыда айтқанымдай, спортты дамыту, балалар мен жастарға қолжетімді білім беру негізгі басымдықтарымыздың бірі.

Қайырымдылық қоры ауылдардағы жағдайды жақсарта ала ма

Осы жерде білім саласындағы жобаларға кеңірек тоқталып өтсем. Біз гранттар арқылы білім алуға қолдау көрсетіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін 300 миллион теңге бөлдік. Нәтижесінде дарынды студенттер Қазақстан-Британ техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Астанадағы IT университетіндей Қазақстанның үздік оқу орындарында білім алып жатыр.

Білім саласынан өзге, қордың тағы бір басым міндеттерінің бірі – барлық жерде, ауылда да, қалада да балалар спортын дамыту. Жобаларда спорт алаңдарын салу, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, еуропалық стандартқа сай жаттықтырушылар даярлау, дене шынықтыру және сауықтыру орталықтарын салу қарастырылған.

Қайырымдылық қоры ауылдардағы жағдайды жақсарта ала ма

Өңірлердегі жобаларымыз туралы айтқанда Қостанай облысына тоқталып өткім келеді. Бұл аймақ 2022 жылы өрттен қатты зардап шеккенін, өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қор Әулиекөл ауылында 1,3 млрд теңгеге 280 орындық заманауи балабақша салып жатыр. Осы жылдың сәуір айында балабақша әкімдік балансына өтеді.

- Қателеспесем, Маңғыстау облысы мен Жаңаөзенде де жасап жатқан жұмыстарыңыз бар? Ол жақтағы жобаларыңыз туралы не айтасыз?

- Дұрыс айтасыз, Маңғыстау облысына қолдауымызды кеңейтіп, облыстағы экономикалық, әлеуметтік жағынан да маңызды – Жаңаөзен қаласында былтыр ауқымды жобаларды қолға алдық. Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты талдау жасау барысында, ауыз суға тапшылықтың бар екенін, балалардың спортпен айналысу мүмкіндігінің шектеулігін және жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін анықтадық. Осылайша 5 негізгі жобаны жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдап, оған 3,5 млрд теңге бөлдік. Соның бірі – Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта қалпына келтіру. Жоба құны 1,8 млрд теңге тұрады. Терминалды іске қосу лайықты, жақсы жалақысы бар 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Екінші жобамыз Жаңаөзенде жаңа орталық – 6000 шаршы метр болатын денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу.

Еліміздің батыс өңірінде таза ауыз суға қол жеткізу мәселесінің күрделі екенін ескере келе, үшінші жобаны осы салаға бағыттадық. Маңғыстау облысына қарасты Сайын Шапағатов және Ақшұқыр ауылдарына су тұщыту зауытын салып бердік. Әр ауылға 300 млн теңгеден бөлінді. Қос ауылдың 25 мыңнан астам тұрғыны үзіліссіз, сапалы, таза ауыз сумен қамтылды.

Қайырымдылық қоры ауылдардағы жағдайды жақсарта ала ма

Тағы бір маңызды жоба – өңірде балалар алаңы, воркаут орталығы және футбол алаңы бар 46 ойын алаңы салынды. Сондай-ақ, Жаңаөзенде жасыл алқаптарды суару үшін қайта өңделген суды пайдалануға арналған зауыт іске қосылды. Маңғыстауда жасаған жұмыстарымызды жергілікті әкімдік жоғары бағалап, 2023 жылдың қорытындысымен «Үздік меценат» атағын берді.

Осы жерде мына жайтты атап өткім келеді. Жаңаөзеннің халқы сөзге тоқтап, іс жүзінде орындалуын күтетінін көрсетті. Уәде беріп, кейін орындалмай қалса бұл жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасқа, кәсіпкерлік саласына, өзге де қоғамдық салалармен байланысқа айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Тұрғындарға проблемасын естіп, білумен қатар нақты шешімін тапқаны маңызды.

- Көпшілік кәсіпкерлерден қайырымдылықты талап етеді. Ұдайы қайырымдылықпен айналысу кәсіпкерлердің де ынтасын жойып, ықыласын азайтары сөзсіз. Қайырымдылық қорларынан ақша алу оңай болса, бизнеске не үшін жағдай жасау керек дегенге не дейсіз?

- Кез келген мемлекетте кәсіпкерлер экономиканың қозғаушы күші екенін білесіздер. Әсіресе шағын кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беру маңызды. Оларды қолдау, салықты азайту, гранттар, мемлекеттік бағдарламалар және өзге де ынталандыру тетіктерін мемлекеттік және салалық органдар жүзеге асырады. Қайырымдылық қорлары ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешуге ден қоюы керек. Дегенмен, бизнес қиын жағдайға тап болғанда ең бірінші көмекке мемлекетпен бірге қайырымдылық қорлары да келеді. Мәселен, қаңтар оқиғасынан кейін Алматыда көптеген шағын кәсіпкерлік нысандарына жабылу қауіпі төнді. Бұл жағдайда біздің қор 500 кәсіпкерге 500 млн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Осы кезде ойыма мына мысал оралып тұр. Ұялы телефон дүкенінің иесі сол кезеңде тонаудың құрбаны болды. Оның қаржылық жағдайы нөлде емес, минуста болды. Несие алу кәсіпкерге айтарлықтай салмақ салды. Кәсібін қалпына келтіріп, сәл де болса аяғына тұрып кету үшін бір миллион теңге грант бердік. Дәл осындай жағдайға тап болған шағын кәсібі бар 500 кәсіпкер біздің қолдауымызды көрді.

- Қазақстанда қайырымдылық қорлары көбіне қандай мәселемен жиі кездеседі?

- Қазір біздің елімізде қайырымдылық қызмет қарқынды даму кезеңінде. Кез келген әлеуметтік мәселе қайырымдылық қорларына әсер етеді. Үкімет қабылдап жатқан шешімдер, қайырымдылық қорларының қызметі және халықтың жауапкершілігі өзара тығыз байланысты. Кездескен қиындықты жеңу, шешу үшін осы үш тұғырдың өзара жүйелі іс-қимылын жолға қою қажет деп есептеймін. Халықтың белсенді қатысуымен мемлекет пен қайырымдылық ұйымдарының ынтымақтастығын құру әлеуметтік жобаларды табысты дамыту мен жүзеге асырудың негізі екені сөзсіз. Осы орайда, біз кез келген уақытта бірлесіп, ынтымақтаса жұмыс істеуге ашық әрі дайынбыз.

Өзгелердің жаңалығы