Қайырбек Өскенбаев елордалық үй құрылысы комбинатының жаңа желісінің жұмысымен танысты

15 Сәуір 2022, 17:13
2278
Бөлісу:
Қайырбек Өскенбаев елордалық үй құрылысы комбинатының жаңа желісінің жұмысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанның құрылыс саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылатын GLB үй құрылысы комбинатына барып, биылғы жылы толық жобалық қуатына шығуына мүмкіндік беретін жаңа өндірістік желіні іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Өндірісті жаңғырту және Президенттің халыққа қолжетімді тұрғын үй құрылысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында, үй құрылысы комбинатында жыл сайын 450 мың шаршы метр тұрғын үй салу үшін өнім шығаруға мүмкіндік беретін әмбебап технологиялық желі іске қосылды.

Жаңа желіде 7.2х3.6м өлшемдегі кернеулі арматурасы бар жабын плиталары дайындалады. Үлкен панельді үй құрылысында осындай құрылымдардың, автоматтандырылған заманауи жабдықтардың көмегімен кез-келген сәулет-жоспарлау жобасын, үйлердің шексіз түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.

Тұрғын үй ғимараттарының элементтері комбинат цехтарында жиналғандықтан, құрылыс алаңдарындағы жұмысшыларға тек монтаждау жұмыстары ғана қалады. Осылайша, ҮҚК өнімдерін пайдалана отырып, құрылыс салушылар көп пәтерлі үйлердің құрылыс мерзімін бірден бірнеше есеге қысқарта алады.

Кәсіпорынның жұмысымен танысу барысында Қайырбек Өскенбаев зауыттың өндірістік қуатын арттыру елордаға сапалы қолжетімді тұрғын үйге сұранысты тезірек қанағаттандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы