Қайық жасайтын кәсіпкер

8 Наурыз 2023, 15:48
1606
Бөлісу:
Қайық жасайтын кәсіпкер
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қызылорда облысы, Арал ауданының тұрғыны, кәсіпкер Жансерік Нысанбаев алғаш рет шыны пластиктен ескекті қайық шығаратын кәсіпорын ашып, су көлігі өндірісін жолға қойды, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Сыр өңірінде кәсіпкерлік саласы жаңа бағытта дамып келеді. Осыған дейін аймақта жеңіл өнеркәсіп қарқын алса, бүгінде бизнес саласының өкілдері тың жобаларға серпін беруде. Бұл сөзімізге су көлігін шығаруды қолға алған Жансеріктің жаңа бастамасы дәлел.

Алғашында кәсіп жолын жиһаз шығарудан бастаған Жансеріктің жобасына «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы дем берген. Жаңа өндірісті қажетті қондырғылармен жабдықтаған соң, бағдарлама көмегі арқылы корпусты қатқыл жиһаз дайындайтын цех ашуға бел буыпты. Қазіргі таңда жиһаз цехында аудан тұрғындарына қажетті дүниелердің түр-түрі жасалады. Бір ерекшелігі, орталықта шкаф, ас үй сөрелері сынды жиһаздарды дайын үлгіде ғана емес, тапсырыс беруші тұрғынның талабына сай етіп жасауға мүмкіндік бар. Мұның өзі цех қызметкерлерінің жан-жақты, кәсіби шеберлігінен хабар береді. Сондай-ақ кәсіпкер тек дизайн мен материал сапасына мән беріп қоймай, жеткізу және құрастыру қызметін де қарастырған.

Қайық жасайтын кәсіпкер

Жансеріктің айтуынша, кіші Арал теңізінің толуы мен балықшылар санының артуы қайық құрастыру идеясының жүзеге асуына ықпал еткен. Осыдан жеті жыл бұрын идея күйінде жүрген бұл жобаға қазір сұраныс жоғары. Себебі ауыл-аймақтағы талай жыл қолданыста болған қайықтың басым бөлігі ескіріп, суда жүзуге жарамсыз күйге жеткен. Осылайша су бетіндегі қауіпсіздікті сақтау мақсатында жаңа үлгідегі қайықтар нарыққа шығарыла бастаған.

Қайықты жасау технологиясына ерекше мән бере отырып, пластиктен құрастырылатын өнімді үш жыл бойы сынақтан өткіздік. Содан кейін барып қана талай жылғы тәжірибе нәтижесінде дайын болған балықшыларға ыңғайлы су көлігін сатылымға шығардық. Бүгінде айына алты-жеті дана қайық дайындалады. Тек Арал ауданынан ғана емес, еліміздің түпкір-түпкірінен сұраныс түсуде. Нарықтағы сұараныстың жоғарылауына қайықтардың қолжетімді бағада болуы да әсер етеді, - дейді кәсіпкер.  

Қазіргі таңда өндірісте сегіз қызметкер қайық жасауды меңгерген. Жаңа орталықтың ғимарат жұмыстары жөнге келсе, тағы бес адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінге дейін орталықта жүзден аса қайық дайындалған. Отандық бренд қалыптастыруды мақсат еткен кәсіпкердің су көлігі халық үшін қолжетімді, яғни 450 мың теңгеден бастап сатылымға шығарылуда. Айта кетейік, қайық жасауға қажетті шикізаттың бәрі Еуропадан жеткізіледі.

Бұл бастама облыстағы балық шаруашылығын өркендететіне сенімдімін. Осыған дейін қайықтың пішінін таңдау, желімдеу, бояу сынды жұмыстар қолмен жасаса, қазір аталған жұмыстар автоматты қондырғының көмегімен атқарылады. Су көлігін толық құрастырып шығуға үш күн уақыт қажет, - дейді цех қызметкері Ырысмағанбет Дүйсенбаев. 

Шеберлер жасаған қайықтар қазір еліміздің барлық өңіріне жеткізілуде. Алдағы уақытта Жансерік Нысанбаев қайық жасап шығарумен бірге шыныталшықты құрылыс материалдарын шығаруды жоспарлауда.

Өзгелердің жаңалығы