Жоғары аудиторлық палатаның Еңбек министрлігін тексеруінен кейін шамамен 21 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері министрден бұл қаражатты мемлекетке қайтару мүмкіндігін нақтылауды сұрады.
Министрдің айтуынша, аудит барысында 67 мың шетелдік азаматқа жалпы сомасы 20,8 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленгені анықталған.
57 мың адамнан 13,5 млрд теңге қайтарылды. Шамамен 500 млн теңгені сот есептен шығарды, өйткені азаматтардың бір бөлігі қайтыс болған. Ондайлар шамамен 120 адам, – деп нақтылады ведомство басшысы.
Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қалған 6 млрд теңгеге жуық қарызды қайтару бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
4,4 мың шетелдік азаматқа қатысты қарызды қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан халықаралық пактіге қосылған. Сол құжатқа сәйкес, біздің елде еңбек етіп, осы жерде зейнетке шыққан шетелдік азаматтарға зейнетақы төлеуге міндеттіміз. Бұл талап барлық мемлекетке ортақ, – деді министр.
Сондай-ақ министр дәл осындай норма шетелде жүрген қазақстандықтарға да қолданылатынын ескертті.
Бұл – қалыпты процедура. Қаражат қайтарылады. «Азаматтарға арналған үкімет» осы жұмысты жүргізіп жатыр, – дейді Ертаев.
Еске салайық, бұған дейін Конституциялық Сот шетелге көшіп кеткендерге зейнетақы төлеу мәселесіне қатысты айтқан болатын.
Тағы оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын алуға арналған жаңа шек жақын күндері белгілі болады
БЖЗҚ-да 45 млрд теңге жатыр: Мыңдаған қазақстандық өз ақшасын әлі алмаған
"Бұл депозит емес": Министр халыққа БЖЗҚ-ға қатысты ескерту жасады