Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға арналған жеткіліктілік шектерінің алдағы уақытта өсетініне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметте өтіп жатқан баспасөз брифингі барысында журналистердің сұрағына жауап берген министр жинақтаушы зейнетақы қорын депозит ретінде қабылдауға болмайтынын айтты.
Оның негізгі функциясы – жинақтау. Сондықтан оны депозит ретінде пайдалану дұрыс емес. Мақсат – кез келген азамат, мейлі жұмысшы болсын, маман немесе басшы болсын, зейнет жасына жеткенде пайдаланатын зейнетақы шотындағы жинағын қамтамасыз етуі керек. Бұл мақсат сақталуға тиіс, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, БЖЗҚ жүйесінде формулалар өзгертіледі. Алайда түпкілікті есептеулерді шенеуніктер әзірге көрмеген.
Жаңа формула бес көрсеткіштен тұрады, олар: жылдық табыстылық мөлшерлемесі, ай сайынғы төлемді индекстеудің жылдық мөлшерлемесін қамтиды. Дәл осы 20 жастан 63 жасқа дейінгі азаматтардың жеткіліктілік шегі қайта есептеледі. Шектер он күн ішінде жарияланады. Біз де күтіп отырмыз. Жарияланғаннан кейін қараймыз, - деді Асқарбек Ертаев.
Еске салайық, бұған дейін елімізде зейнетақы жинағын алуға арналған жаңа шек жақын күндері белгілі болатыны туралы жаздық.
Тағы оқи отырыңыз: БЖЗҚ-да 45 млрд теңге жатыр: Мыңдаған қазақстандық өз ақшасын әлі алмаған