Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қайтарылған активтер қаражатына спорт кешені салынды

Бүгiн, 16:25
148
Бөлісу:
 ortcom.kz
Фото: ortcom.kz

Мемлекет басшысының 2025 жылғы наурызда Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау аясында Көкшетауда Kokshe Arena заманауи көпфункционалды спорт кешенінің ашылуы өтті. Нысан Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен тұрғызылды. Бұл мақсатқа Үкімет 12,6 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғимараттың сыйымдылығы шамамен 1 мың адамды құрайды. Кешенде заманауи мультимедиялық жүйелері бар 650 орындық көрермен залы, өрмелеу алаңы мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы қарастырылған. Бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары сертификатталған олимпиадалық стандарттағы құралдармен жабдықталған. Халықтың мобильділігі төмен топтары үшін де барлық жағдай жасалған.

Іргелес аумақта жеңіл атлетика аймағы, ойын спорт түрлері мен лақтыру пәндеріне арналған алаңдар, сондай-ақ демалыс аймақтары жабдықталған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, қаржы министрі Мәди Такиев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Іс-шараның құрметті қонақтары World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин, UFC аясында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.

Kokshe Arena – қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған аймақтағы екінші спорттық инфрақұрылым нысаны. Бұған дейін облыста Зеренді аулында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылған болатын.

Ақмола облысында Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына барлығы 42 әлеуметтік нысан, оның ішінде 14 денсаулық сақтау мекемесі, 26 сумен жабдықтау нысаны және 2 спорт мекемесінің құрылысы жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы