Абай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жалғасуда. Өңірде жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Абай облыстық прокуратурасы мәлім етті.
Ірі жобалардың бірі – Семей қаласында салынған Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жаңа корпусы. Құны 2,6 млрд теңге болатын нысанның пайдалануға берілуі психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арналған орын тапшылығын азайтып, арнайы әлеуметтік қызметтерді алу кезегін қысқартуға мүмкіндік берді.
Аягөз ауданында 250 млн теңгеге магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. Жаңа диагностикалық кешен бірнеше аудан тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге жол ашады.
Сонымен қатар Семейде құны 7,6 млрд теңге болатын, 1 500 орынға арналған заманауи Оқушылар сарайы бой көтерді. Мұнда балалардың спортпен, жүзумен, робототехникамен, авиациялық модельдеумен, ІТ технологияларымен және қосымша білім берудің өзге де бағыттарымен айналысуына барлық жағдай жасалған.
Қазіргі уақытта Оқушылар сарайына апаратын қауіпсіз кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл нысанның айналма автожолдың маңында орналасуына байланысты қолға алынған.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, қалған әлеуметтік нысандардың құрылысы мен оларды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жұмыстары тұрақты бақылауда.