Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қайтарылған активтер: 10 млрд теңгеден астам қаражат Абай облысын сумен қамтуға жұмсалуда

11 Тамыз 2025, 09:53
669
Бөлісу:
 Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Президенттің тапсырмасы бойынша қайтарылған активтерден 10 млрд теңгеден астам қаражат Абай облысын сумен қамтуға жұмсалуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен елімізде әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдар салу жұмыстары жүзеге асуда.

Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Абай облысында сумен жабдықтау желілерін салуға 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.

Қайтарылған активтер: 10 млрд теңгеден астам қаражат Абай облысын сумен қамтуға жұмсалуда

Өңірде барлығы 21 жоба жүзеге асырылуда, оның жетеуі – Семей қаласында. Сумен қамту жұмыстары ауылдық аумақтарды да қамтиды, атап айтқанда, облыстың Бородулиха, Үржар және Абай аудандарында сумен жабдықтау желілері жүргізілетін болады, - делінген хабарламада.

Бұл жобаларды жүзеге асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу Семей қаласында 95,5%-ды, Абай облысының ауылдарында 95%-ды құрайды.

Өзгелердің жаңалығы