Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчында Черногорияның «Сутьеска» клубын 2:1 есебімен жеңді.
Кездесу 8 шілде күні Алматының Орталық стадионында өтті. Матчтағы есепті 76-минутта қорғаушы Лукас Африко ашты. Қонақтар 90-минутта Марко Мрвалевичтің голының арқасында таразы басын теңестірді. Алайда қосымша уақытта шабуылшы Марк Гуал жеңіс голын соғып, «Қайратқа» маңызды басымдық сыйлады.
Айта кетейік, алматылықтар бірінші таймда да бір мәрте гол соққанымен, төреші офсайдқа байланысты голды есепке алған жоқ.
Қос команда арасындағы қарымта кездесу 15 шілде күні Черногорияда өтеді. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.