Қайрат Сарыбай Азия кеңесіндегі нәтижелі жұмыстар жайын баяндады

5 Қазан 2023, 20:03
1233
Бөлісу:
Қайрат Сарыбай Азия кеңесіндегі нәтижелі жұмыстар жайын баяндады
Фото: Азия кеңесі

Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) 31 жыл толуымен құттықтап, кеңесте қандай істер атқарылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін біз Азияның кең және алуан-түрлі континентінде бейбітшілікті, тұрақтылықты, ынтымақтастық пен өркендеуді нығайтуға бағытталған, бәріміз бірлесе жүріп өткен жарқын жолдың жаңа белесін атап өтіп отырмыз. Азия Кеңесі процесі 31 жыл бұрын іске қосылды. Сол кезде ол Азия елдерін диалог пен өзара түсіністіктің бір шаңырағы астында біріктіру үшін шекараларды, идеологияларды және тарихи талаптарды еңсеретін алаң ретінде ойластырылды, – дейді Қайрат Сарыбай.

Бас хатшының айтуынша, кеңестегі елдер асыл идеяны жүзеге асыруда айтарлықтай прогреске қол жеткізді.

Осы жылдар ішінде Азия Кеңесі біздің мүше мемлекеттеріміз арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін аса маңызды тетікке айналды. Азия Кеңесі көшбасшылар, жоғары лауазымды тұлғалар мен бейінді сарапшылар ең өзекті өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша ашық пікірталастарға қатыса алатын, пікір алмасатын және ортақ тіл іздейтін платформаға айналды, – деді Сарыбай айтулы іс-шарада.

Ол диалог кеңеске мүше елдер түсініспеушіліктерді жойып, тұрақты бейбітшілік пен дамуға ықпал ететін атмосфера құра білгенін айтады.

Біз айтқандай – Азия Кеңесі рухы әрқашан жеңіске жетеді, – деді Сарыбай.
 

Еске сала кетсек, биыл тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК бас хатшысы Қайрат Сарыбайды қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қазіргі қызметі және алдағы даму перспективасы таныстырылды. Бас хатшы Қайрат Сарыбай Президентке ұйымның 2022 жылғы 6-шы саммитінде қабылданған АӨСШК трансформациясы жөніндегі Астана мәлімдемесінде көрсетілген негізгі бағыттардың орындалу барысы туралы мәлімет берді. 

Сондай-ақ былтыр Қайрат Сарыбай «Азия кеңесі жаңа ұйым болып құрылмайды» деп мәлімдеме жасады. Оның түсіндіруінше, Азия кеңесінің қазіргі ерекшеліктері онсызда халықаралық ұйыммен іспеттес.
 

Өзгелердің жаңалығы