Қостанай облысындағы Ресеймен шекарада орналасқан «Қайрақ» автомобиль өткізу бекетінде 100-ден астам жүк көлігі жиналып қалды. Бұл туралы «Наш город» басылымы хабарлады.
Жүргізушілер бірнеше тәулік бойы кезекте тұрғанын айтады
Шекарада көлік кептелісі пайда болғанын жүк көліктерінің жүргізушілері хабарлаған. Олардың айтуынша, кезекте бірнеше тәулік бойы тұруға тура келеді. Түнде көлік қозғалысы іс жүзінде тоқтап қалса, күндіз жүк көліктері өте баяу өткізіледі.
Сондай-ақ жүк көлігінің жүргізушілері электронды кезектегі орын үшін 5 мың теңге төлеуге тура келетінін айтып шағымданған. Егер белгіленген уақыт ішінде шекарадан өтіп үлгермесе, кезектегі орны жойылып, қайтадан кезекке тұруға мәжбүр болады.
Мемлекеттік кірістер департаменті не дейді?
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 20 қараша күні сағат 16:00-дегі жағдай бойынша «Қайрақ» өткізу бекетінде 100-ден астам жүк көлігі жиналған.
Ведомство мұндай жағдайды өткізу бекетінде жүргізіліп жатқан қайта құру және жаңғырту жұмыстарымен түсіндірді. Жаңа нысандардың құрылысы, аумақты кеңейту және қоршаулар орнату салдарынан Қазақстаннан шығу бағытындағы жолақтар тарылған.
Бұрын бір рет өткізгенде бекетке 30-35 жүк көлігі кіретін. Қазір бұл көрсеткіш 10-15 көлікке дейін азайды. Соның салдарынан өткізу қабілеті 50-70 пайызға төмендеді, – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер департаменті.
Сондай-ақ әрбір көлік инспекциялық-тексеру кешенінен өтетіні айтылды. Бұл рәсім орта есеппен 10-15 минут уақыт алады.
Департаменттің дерегінше, Қазақстаннан шығу бағытында күн сайын шекарадан 300-350 жүк көлігі өтеді.
Автокөлік құралдарын өткізу бекетінде жүйелі түрде негізсіз ұстап қалу фактілері тіркелген жоқ, – деп атап өтті ведомство.
Мемлекеттік кірістер департаменті Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің департаментімен бірлесіп, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және өткізу бекеттерінде көлік жиналып қалмауы үшін қажетті шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.