Қайда қарап отырсыздар? – Аймағамбетов мектептерде анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды

15 Наурыз 2022, 16:51
11983
Бөлісу:
Қайда қарап отырсыздар? – Аймағамбетов мектептерде анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов білім мекемелерін тексеру кезінде анықталған кемшіліктерге қатысты ойын айтты.

Бұған дейін Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев білім беру ұйымдарында анықталған кемшіліктер туралы ақпарат берген болатын. 

Мұндай кемшіліктерге жол берілмеуі керек. Жан түршігетіндей кемшіліктерді көрдіңіздер. Ол жерлерге кішкентай балалар барады. Мектептің, білім бөлімінің басшысы, білім басқармасы бар. Қайда қарап отырсыздар? Осы анықталған кемшіліктерді жою бойынша жоспар бекітілуі керек. Жоспар бойынша 2 апта немесе бір айдан кейін қайта тексеруді тапсырамын. Бұл – біріншіден. Екіншіден, жауапты тұлғаларды қатаң жауапкершілікке тартуды тапсырамын. Тиісті жұмыс жүргізілсін, - деді БҒМ басшысы.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов білім бөлімдері мен білім басқармаларының да жауапкершілігін қарау туралы айтты.

Бұл министрліктің, әдістемелік көмекпен шығып отырған жұмыс тобының функциясына кірмейді. Біз білім беру саласындағы саясатты, тиісті нормативтік-құқықтық актілерді дайындау жұмысымен айналысуымыз керек. Ал оны күнделікті жүзеге асырып, бақылап отыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Сондықтан 2 аптаның ішінде тиісті жұмыс жүргізіліп, жауапкершілікке тартылған әр тұлға бойынша бұйрықтарды шығарып, тиісті шешім қабылдаңыздар, - деп тапсырды министр аппарат жиналысында.

Өзгелердің жаңалығы