Қай өңірлердің жұмыс берушілері еңбек жарақатын жиі жасырады?

Өндірістік жарақатты жасырудың 39 дерегі тіркелген аймақ анықталды.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бүгiн 2026, 11:33
Бүгiн 2026, 11:33
166
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанның қай өңірінде жұмыс берушілер еңбек жарақатын жиі жасыратыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында мәлімдеді. 

Министр елдегі өндірістік нысандардағы еңбек қауіпсіздігі мәселесіне тоқталды. 

Оның айтуынша, Қазақстанда 479 мың адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді.

Осындай жұмыстарда еңбек ететін қызметкерлердің 61 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Электр энергиясымен және газбен қамтамасыз ету саласында 40 мың адам жұмыс істейді, бұл зиянды еңбек жағдайында істейтіндердің жалпы санының 8,5 пайызын құрайды. Өңірлер бойынша алғанда, зиянды жұмыстарда еңбек ететіндердің ең көбі Қарағанды облысында – 84 мың адам, Павлодар облысында – 57 мың, Маңғыстау облысында – 43 мың және Шығыс Қазақстан облысында – 43 мың қызметкер, – деп атап өтті министр.

Оның сөзінше, еңбек қауіпсіздігіне өндірістік жарақаттарды жасыру да кері әсерін тигізіп отыр. Бұл жұмыс берушілердің жауапкершіліктен жалтаруына, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалмауына және кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерден қағылуына әкеледі.

Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс берушілер тарапынан өндірістік жарақатты жасырудың 39 дерегі тіркелді. Экономика салалары ішінде мұндай фактілер ең көп қызмет көрсету саласында анықталды – 18 жағдай. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында бес жағдайдан тіркелген. Өңірлер бойынша ең көп жасырылған жарақат Атырау облысында – 10 жағдай, Астанада – жеті және Ақмола облысында – алты жағдай болды, – деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, Қазақстанда тексеріс қорытындысы бойынша 600-ден астам қауіпті нысанның жұмысы тоқтатылды. ТЖМ мәліметінше, биыл өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзған 523 адам жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында Өскемендегі «Қазцинк» зауытындағы жарылыстың алдын ала себебін атады.

Наверх