Биылғы бес айда өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың 10 мыңнан астам дерегі анықталды. Қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін 500-ден астам қызметкер жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы бес айда былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2,5 есе көп кәсіпорын тексерілді. Нәтижесінде 10 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Әртүрлі деңгейдегі 523 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл көлемі 6 млн теңгеден 62 млн теңгеге дейін өсті. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылықтарға байланысты 600-ден астам нысан мен техникалық құрылғының жұмысы тоқтатылды, – деді Шыңғыс Әрінов.
Министрдің айтуынша, соған қарамастан кейбір кәсіпорындар енгізілген шектеулерді елемей, жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл төтенше жағдайлар мен апат қаупін күшейтеді.
Осыған байланысты адал емес кәсіпорын иелеріне қатысты қосымша шаралар қабылданады, – деп толықтырды министр.
Министр «Қазцинк» зауытындағы жарылыстың алдын ала себебін атады.