Қай өңірде жұмыссыз жүрген әйелдер көп екені анықталды

16 Қыркүйек 2022, 15:14
1400
Бөлісу:
Қай өңірде жұмыссыз жүрген әйелдер көп екені анықталды

Ең жоғарғы көрсеткіш Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі 5.7%-ды көрсетіп отыр, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы  Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарының өңірлік ауыл әйелдерінің форумында айтты.

Қазіргі таңда Жаңа Қазақстанда болып жатқан саяси реформалардың басты бағыты әділетті қоғам орнату және халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасау болса, біздің форум бұл мәселелерді күн тәртібіне қойып, жүйелі жүргізіп келе жатқанына биыл бес жыл толыпты. 2018 жылы бастау алған ауыл әйелдерінің форумы аясында сіз бен біз бүгін бесінші рет кездесіп отырмыз. Осы бес жыл ішінде аяғымыз жеткен мінберлерден ауыл әйелдерінің дамуына жағдай жасау Қазақстанның тең жартысының, яғни 40 пайыздан аса ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жол ашады деп аузымыз жеткенше айтып келеміз, - деді ол. 

Айсина атағандай, жыл сайын 14 облыстық форумға Қазақстанның 163 ауданынан 2 100-ге жуық ауыл әйелдері қатысты. 

Бес жыл ішінде ауыл әйелдерінің форумы ортақ мақсат, ортақ мұңы бар үлкен қауымдастыққа айналды, мемлекет тарапынан әйелдерге арналған жаңа қолдау тетіктерінің пайда болуына өз септігін тигізді. Өткен екі жылда әлемдік пандемия форум барысында талқыланып жүрген тақырыптардың өзектілігін арттырып, маңыздылығын еселей түсті. Әсіресе, осы форумдар аясында тілге тиек боп жүрген ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдық жерлерді тұрақты дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамту мәселелері күн тәртібінің төріне шықты. Коалиция бастамасымен іске қосылған, халық арасында кеңінен қолдау тапқан «Ауыл өнімі» жобасы ауыл тұрғындарын коронавирустік дағдарысқа қарамастан ауылдық жерде өнім өндіріп, табыс табуға жетеледі, - деді ол. 

Айсина жұмыссыз әйелдер қай өңірде көп екенін атады. 

Жасыл экономиканы қолдау коалициясы сарапшыларының сараптамасына сүйенсек, шығыс және орталық өңірлерде бүгінде 493 мыңнан аса ауыл әйелі бар екен, соның 250 мыңға жуығы бір ғана Шығыс Қазақстан облысында тұрады екен. Республика бойынша жұмыссыздық деңгейі 5% межені көрсетсе, шығыс және орталық өңірлердегі, яғни төрт облыстың орташа жұмыссыздық деңгейі 5.2% құрап отыр.  Ең жоғарғы көрсеткіш Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі 5.7%-ды көрсетіп отыр, - деді Айсина. 

Өзгелердің жаңалығы