19 тонна алмұрт фитосанитарлық сертификаттың болмауына байланысты Бельгияға кері қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маңғыстау облысының Құрық портына Бельгия Корольдігінен жалпы салмағы 19,2 тоннаны құрайтын карантинге жатқызылған өнім — алмұрт партиясы келді.
Құжаттық тексеру барысында өнімнің Қазақстан аумағына мемлекеттік шекара арқылы өткізу кезінде міндетті болып табылатын фитосанитарлық сертификатсыз әкелінгені анықталды.
Өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты импорттаушыға әкімшілік айыппұл салынып, өнім партиясын экспорттаушы ел — Бельгияға кері қайтару туралы акт ресімделді, - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Кореядан әкелінген қауіпті қызанақ тұқымы анықталған болатын.
Сондай-ақ, Қазақстанда Эквадордан әкелінген роза гүлдерінен зиянкестер табылған еді.