СІМ Түркияның Аланья қаласында жол-көлік апатына ұшыраған қазақстандықтар жайлы ресми ақпарат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров берген мәліметке сәйкес, Аланьяда демалып жүрген отбасы бүгін елге оралулары керек болатын.
Өкінішке қарай, кеше суық хабар алдық. Жол-көлік апаты болып, бір жанұя (қазақстандық - ред.) зардап шекті. Оның салдарынан оқиға орнында 1989 жылы туған әйел мен оның екі жасар қызы қайтыс болды. 1986 жылы туған ер азамат (қайтыс болған әйелдің күйеуі - ред.) ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 2014 жылы туған ұлы ауруханада. Оның денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, - деді СІМ ресми өкілі.
Оның сөзінше, Түркиядағы дипломаттар зардап шеккендердің туыстарымен байланыста.
Бүгін-ертең туыстары Түркияға жетуі керек. Барлық қажетті консулдық көмекті көрсетеміз. Отбасы мүшелері Түркияға демалуға барған. 31 тамызда. Бүгін елге қайтуы керек еді. Кеше экскурсияға шығып, сафари джип көлігіне мінген. Ол көлік басқа көлікпен соқтығысқан кезде барлығы көліктен ұшып кеткен. Көлікте 15 адам болған. Оның төртеуі біздің азаматтар. Жолаушылар қауіпсіздік белдігін тақпаған, - деп айтты Смадияров.
Бұған дейін Түркияда қазақстандық пен оның екі жасар сәбиі қаза тапқаны белгілі болды. Отандастарымыз жол-көлік оқиғасы салдарынан бақилық болған.