Ел болашағы – тәрбиелі ұрпақ. Десе де соңғы кездері жасөспірім оқушылар арасындағы қатыгездіктің белең алып бара жатқанын байқап отырмыз. Мамандардың айтуынша, бұған себеп – тәрбие мәселесінің ақсап тұрғандығында, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін БАҚ беттерінде оқушылар арасындағы төбелес жайында ақпараттар жарияланған болатын. Бүгін мектеп педагог-психологынан балалардың не себепті қатыгез болып бара жатқанын сұрап көрдік.
Оқушылар төбелесі
Қызылорда:
6 сәуір күні Қазалы ауданында сабақ тыс уақытта мектеп оқушылары арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласты. Төбелес кезінде №70 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Сәбит Қуандық соққыға жығылған. Күдіктілер оқушыны сабап қана қоймай, қылмыстық әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, аталған бейнежазба әлеуметтік желіде кең тараған болатын. Жасөспірімдердің аяусыз әрекеті қоғамдық резонанс тудырып, оқиғаның мән-жайын анықтауға сала басшыларының араласуына тура келген болатын.
Өскемен:
Жақында әлеуметтік желіде Өскемендегі сауда үйлерінің біріндегі әжетханада қыздардың төбелесі жайлы видео тарады. Видеода қыздардың бірі қызды соққының астына алған. Ресми мәліметтер бойынша, күдікке ілінген қыздардың бірі Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінде оқыса, енді бірі қаладағы №5 мектептің оқушысы.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, оқиға ADK сауда орталығының әжетханасында болған. Былапыт сөздері бар бейнежазбада бір қыздың екіншісін аямай ұрып, жұдырықты кеудесі мен бетіне сілтеп жатқанын көруге болады. Ол аздай сырт киімін деп шешіп тастайды. ШҚО Полиция департаменті өкілдерінің ұсынған мәліметіне сәйкес, аталған жағдай наурыз айының 1-2 аралығында болған.
Талдықорған:
Қаңтар айында желіде Талдықорғандағы мектеп оқушыларының бір қызға қысым көрсеткен видеосы тарады. Видеода мектеп оқушылары бір бөлмеде жиналған. Видеодағы қыздардың бірі телефонмен сөйлесіп болғаннан кейін қасындағы қыз оны аяусыз ұра бастайды.
Жетісу облысының Полиция департаменті өкілдерінің сөзінше, видео 9 қаңтарда Талдықорғандағы Самал ықшамауданындағы пәтерлердің бірінде түсірілген. Оқиғаға қатысты барлық адам анықталған.
Бұл жантүршігерлік оқиғалардың бірнеше мысалы ғана.
«Ұрпағы бүлінген халық іриді»
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай оқушылар арасындағы келеңсіз оқиғаларға қатысты ойын айтып, тиісті органдарға депутаттық сауал жолдады.
Тәрбиесіз ұрпақ — Отанға да, ата-анаға да, қоғамға да опа әпермейтіні ақиқат. Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық - тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді, ұрпағы бүлінген халық іриді. Қыз тәрбие көрмесе арсыздыққа, ұл тәрбие көрмесе бассыздыққа бой алдырады. Дер кезінде шара қолданып, кеселдің алдын алмасақ, халық тағдырын тығырыққа тірейтін азғындаудың келеңсіз көріністері күн санап көбейе берері сөзсіз, - дейді депутат.
Жасөспірімдер арасында жантүршігерлік тосын оқиғалардың соңғы уақытта тым жиілеп кеткені - мектептерде , отбасында, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі мәселесі ақсап тұрғандығын көрсетеді.
Жанымызды түршіктірген, санамызды сілкіндірген Түркістандағы мектеп оқушысының өзекті өртер өкінішті өлімі, Қазалыдағы қатты соққылардан комаға түскен баланы айуандықпен жабылып тепкілеп жатқан жасөспірімдердің азғындық әрекеті, Өскемендегі топ құрып алып өрімдей қызды шешіндіріп қойып аяусыз сабап жатқан тәрбиесіз қыздардың жиіркенішті әрекеттері - бүгінгі дабыл қағып сөйлеуімнің негізгі себебі. Осы оқиғалар болған жерлердегі жауапты органдардың шындықты жасырып қалуға ұмтылуы халықтың наразылығын туғызып, көңілге үрей ұялатып отыр. Әлеуметтік желілерде ел дүрлігіп, жаңғырығы жалпақ жұртқа жайылғанда ғана ресми органдар тарапынан осы оқиғалардың ақиқаты айтыла бастады. Ал осы іспеттес оқиғалардың қаншасы жабулы қазан күйінде қалып жатқаны бізге беймәлім, - деді Аманжол Әлтай.
Ол ел болашағы – тәрбиелі ұрпақ екенін айтып, ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарамауға міндетті екенімізді жеткізді.
Ұрпақ тәрбиесінде жіберген қателіктердің түп-тамыры тереңде. Нақтырақ айтсам, өз баласының тәрбиесіне тікелей жауапты ата-анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балабақшалар мен мектептерде, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында, жасөспірімдер тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда, қоғамдық әлеуметтік ортада және осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиіс мемлекеттік билікте. Енді не істеу керек? Елімізде ізгілікті, қайырым, мейірім, қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптасуы қажет, - деді ол.
Қатыгез бала қайдан шығады?
Мектеп педагог-психологы Райгүл Сайлаубаевадан оқушылардың не себепті аяушылық сезімін түсінбейтін қатыгез болып бара жатқанын сұрадық.
Қазіргі күні буллинг - қоғамдағы өте ауқымды мәселе. Аты әдемі болғанымен, оның астында үлкен проблема жатыр. Буллинг туралы ата-аналар арасында да, оқушылар арасында да ақпараттар кеңінен таралып жатыр. Буллингке кез келген адам кез келген уақытта ұшырауы мүмкін. Ол жас жеткіншек пе, үлкен жастағы адам ба, маңызды емес, - деді ол.
Буллинг – назар аударарлық үлкен проблема.
«Балалар неге қатыгез болып барады?». Бұл күнде айтылатын мәселе. Ұрып-соғу, төбелес, айқай-шу, ерегесу, әлімжеттік – мұның бәрі балалардың арасында қалыпты дүниеге айналып кеткен. Мамандар осы жағымсыз дүниенің барлығын топтап, «буллинг» терминіне сыйғызып отыр. Бұған кемсіту, мазақтау, келеке ету әрекеттері кіреді. Бұл мәселенің ушығып бара жатқаны баршамызды алаңдатуы керек. Мұнымен күресті ата-анадан бастау қажет. Отбасындағы ахуал, ата-ананың баламен жақын болып, кез келген сәтте оған қолдау көрсете алатындай болғаны абзал. Ал бала да ата-анасымен кез келген тақырыпта ашық сөйлесе алатындай болуы керек. Ата-ана баласымен ашық қарым-қатынасты орнатқаны дұрыс. Егер бала бір қателік жасап қойса, онда оны бірден жазалай салмау қажет. Сондықтан үйде, мектепте, көшеде басынан өткен барлық оқиғаны ата-анасына ашық айта алатындай жағдай болғаны дұрыс, - деп санайды психолог.
Маман атап өткендей, балалардың бір-біріне әлімжеттік көрсететін кездері де болады. Мысалы, ақша бопсалау. Осындай келеңсіз жайтты бала дер кезінде ашылып, ата-анасына және оқу орнына айтса, үлкен проблеманың алдын алу шаралары уақытылы жасалушы еді.
Мұндай жағдайды көбіне жасөспірімдер ата-аналарынан жасырып қалады. Балада «Қазір осы проблеманы айтсам, ата-анам мені жазғыра бастайды», «достарымның арасында беделім түседі», «үйдегілерге айсам, айналамдағылар менің әлсіз бала ретінде қабылдайды» деген сияқты қорқыныш пайда болады. Бұл жерде балаға мынаны түсіндіру керек: қатыгездіктің алдын алу үшін біз бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Мейірімге, махаббатқа бөленіп өскен бала ешқашан қатыгездікке бармайды. Яғни ата-ана баласымен үнемі ашық тілдесіп, ненің бұрыс, ненің дұрыс екеніне жол сілтеп отырса, бала ешқашан да қатыгездікке бармайды. Баланың тәрбиесі отбасынан басталуы керек, - деді ол.
Райгүл Сайлаубаева атап өткендей, қазіргі күні елімізде буллинг пен суицидтің алдын алу үшін бірыңғай бағдарлама енгізілген. Бүгінгі күні бағдарлама іске асырылып жатыр.
Бұл проблемалар шын мәнінде мектептерде жасөспірімдер арасында бар. Сондықтан оның алдын алу үшін тиісті шараларды уақытылы жүргізіп, ақпараттарды адамдарға дер кезінде жеткізіп отыру керек. Мысалы, ата-аналар арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізу, балаға жас ерекшелігіне байланысты көңіл бөлу керек, - деп айтты психолог.
Оның пікірінше, ата-ана өз-өзіне есеп бергені дұрыс. Мысалы, баласы үйге келгенде мектепте, сабақ үстінде қандай жағдай болғанын сұрап, күні қалай өткенінен хабардар болып отыруы керек. Оған эмоционалды жақындық қажет. Осындай кезде бала ата-анасының қамқорлығын сезінеді де, жағымсыз әрекеттерге бара бермейді. Мысалы, өзін бір бала мазақтаса, оны қалжың ретінде, әзілмен қабылдап үйренеді. Ал егер әлімжеттік көрсетіліп, соққы алса, онда өзін қорғай алатын үлкендерге жүгінгені дұрыс.
Сөзінше, бала қиын жағдайға тап болса, кімнен қандай көмек сұрай алатынын білуі керек. Оны балаға үнемі айтып отыру қажет.
Бала неге қатыгез болып барады?
Қазіргі өскелең ұрпақ интернет арқылы тәрбиеленіп жатыр деп айтсақ болады. Оларды басты тәрбиелеуші құрал дәл қазіргі күні ұялы телефон болып тұр. Сырласатыны да, мұңдасатыны да сол телефонның ішінде. Кейде ата-аналар баласына барлық жағдайды жасап отырмын дегеннің өзінде, ескеріп, еленбей қалатын сәттер де болады. Мысалы, уақыт бөлмеу, сырласпау, жеке қалмау, не істеп, не қойғанын хабардар болмау. Міне – басты проблема осы жерде туындайды, - деді мектеп психологы.
Жасөспірімдердің бұзақы әрекеттерге баруы немесе қыздардың ерте жастан ана атанып жатуы, іштегі сырының айтылмай, жалғыз қалуынан күйзеліске ұшырап, тіпті өз-өзіне қол жұмсауы да ата-ананың қарауынсыз қалғанынан болып жатады.
Әлбетте, бұл мәселелердің шешімі бар. Мысалы, оңай жолды таңдамай, жасөспірімнің өміріне қиянат болмайтындай жолды қарастыру керек. Яғни, бұзақылық жасаған балаға да, жәбір көрген балаға да көмек көрсету қажет. Демек біреуін жазалап, біреуін жазғырып қойғанмен мәселе шешілмейді. Екі жақты да назардан тыс қалдырмаған жөн.
Қатыгездікке барған баланың өмірінде, отбасында, айналасындағы адамдарда проблема бар екенін анықтап, баланың не себепті ондай әрекетке баратынын тексеріп, отбасында қандай тәрбие алатынын зерттеп, саралау қажет. Оның нәтижесі бойынша балаға көмек көрсету керек. Сонымен бірге жәбірленуші баланың да не себепті соққыға жығылуына, кемсітуге жол беріп, жәбірленушіге айналып кеткенін қарастыру қажет. Яғни, оның да тәрбиесінде, дамуында қандай мәселе барын анықтау керек.
Бұл мәселелер ешкімнің назарынан тыс қалмауы керек. Мамандар мұндай жағдайды жұмыла отырып шешкені дұрыс. Жәбір көрген баланы қорғап, қатыгездік көрсеткен баланы жазалаумен шектеліп, қалмау керек.
Ұлттық тәрбиемізде «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейді. Мұнда үлкен тәрбиелік мән жатыр. Баланың дамып, жетілу кезеңінде неге көңіл бөлу керегі айтылған. 15 жастан асқан бала басқа адамдармен пікір алмасып, кеңестерін, ойларын орташа шығарғысы келеді. Демек бұл кезеңде балаға психологиялық қолдау керек. Қолдауды балаға ең бірінші кім көрсетуі керек? Әрине, ата-анасы. Ата-анасы баласының пікірін, іс-әрекетін қолдап, қолпаштауы қажет. Яғни, ата-анасынан қолдау тапқан адам айналасындағы достарына да қолдау көрсете бастайды, - деп ойын айтты Райгүл Жеңісқызы.
Психологтың айтуына қарағанда, қатыгездікке барып жатқан балалардың көбі назардан тыс қалған балалар. Яғни, оның тәрбиесіне, іс-әрекетіне ешкім араласып жатқан жоқ. Ол барлық уақытты өзіне алған. Осыдан бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей, өзін мықты етіп көрсеткісі келеді. Сөйтіп өзінің дөрекі мінезін көрсетеді, одан айналасындағылар қорқа бастайды.
Балалар интернетте ойнайтын ойындарда өзін жеңімпаз сезінеді де, өзін айналасындағыларға қатыгез көшбасшы ретінде таныта бастайды. Яғни, айналасындағылар одан қорыққан кезде, бала өзін мықты сезінеді. Міне, осының дұрыс емес екенін, оның ешқандай абырой, бедел әкелмейтінін дер кезінде түсіндіру керек. Асып-тасып жатқан күшін спортқа, не болмаса, жетістікке жететін бағытқа бұру қажет. Жасөспірім бала - жаңа өсіп келе жатқан жас бұтақ. Оны қалай баптасаң, солай өседі. Яғни үлкендердің әрбір жасаған әрекеті балаға берген тәрбие екенін ұмытпау қажет. Бала – ата-анасының айнасы, - деп сөзін түйіндеді ол.