Қатардағы ірі газ кешенінде жарылыс болды: Қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар

Қатардағы ірі газ кешенінде болған жарылыс адам шығынына әкелді. Зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалғандар бар. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

 ilkha.com Бүгiн 2026, 18:29
Бүгiн 2026, 18:29
107
Фото: ilkha.com

Қатардың Рас-Лаффан (Ras Laffan) индустриялық аймағында орналасқан ірі газ өңдеу кешенінде жарылыс болып, салдарынан кемінде 13 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.  

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 21 маусым күні кешке Barzan газ жеткізу нысанында өндірістік жұмысты қайта іске қосу кезінде болған. Қатар билігі жарылысқа техникалық ақау себеп болғанын мәлімдеді.  

Қатардың Ішкі істер министрлігі бастапқыда 54 адамның жараланғанын және 18 адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлаған. Кейін Қатардың Энергетика министрлігі қаза тапқандар саны 13 адамға жеткенін, тағы 66 адамның түрлі жарақат алғанын растады.  

Жарылыстан кейін нысанда өрт шыққанымен, төтенше жағдай қызметтері оны қысқа уақытта ауыздықтаған. Билік өкілдері қоршаған ортаға қауіп төніп тұрмағанын және сұйытылған табиғи газ экспортына айтарлықтай әсер етпейтінін мәлімдеді.  

Рас-Лаффан – Қатардың негізгі энергетикалық орталығы әрі әлемдегі ең ірі сұйытылған табиғи газ экспорттау хабтарының бірі. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты шамамен 77 миллион тонна сұйытылған газды құрайды.  

Айта кетейік, биыл наурыз айында Иранның зымыран шабуылдары салдарынан осы өңірдегі бірқатар энергетикалық нысандар зақымданып, өндіріс уақытша тоқтатылған болатын. Қазіргі жарылыс сол нысандардағы жұмысты қайта жандандыру кезінде болғаны хабарланды.  

Оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге көңіл айту жеделхатын жолдап, Қазақстан қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Наверх