Бұл туралы сенатор Бибігүл Жексенбай мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Кеше Ulysmedia порталының бас редакторы Самал Ибраеваның кеңсесіне балаларының суреті мен малдың бүйрегі, бауыры салынған қорап қалдырып кеткен. Журналистерге осындай қысым көрсету жиілеп кетті. Сіз Сенаттағы журналист депутат ретінде бұған қалай қарайсыз?» деп сұрады тілші депутаттан.
Самал Ибраеваның айтқан мәселелерін мен естідім, оқыдым. Шыны керек, бұл мүлдем тек қана журналистердің емес, жалпы қазақстандық азаматтардың көңіліне теріс әсер ететін оқиға. Депутат ретінде де, әріптес ретінде де соңғы бір айдың ішінде осындай оқиғалардың жиілеп кетуі бізді де мазалайды. Сондықтан тиісті органдар бұл мәселені толықтай зерттеп, тиісті шешім шығаруы керек. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына арнайы тапсырма бергені белгілі. Сайлау алдында тағы бір рет депутат ретінде құқық қорғау органдарынан осы мәселеге жедел назар аударып, шешімін шығарып, анық-қанық ашығын айтуы тиіс деп ойлаймын. Бұл жерде тапсырыс берушілер де, орындаушылар да қатаң жазалануы қажет, - деді Бибігүл Жексенбай Сенаттың кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Айта кетерлігі, 8 ақпанда белгісіз біреулер Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға малдың еті мен балаларының суреті салынған қорап жібергені туралы ақпарат тараған болатын. Журналист осыған дейін де қанша қысым көрдім деп отыр.