Қасым-Жомарт Тоқаев: «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз бола алады

Жасанды интеллектіні реттеу: Тоқаев «Вашингтон моделіне» назар аударды.

 Ақорда 2 Қазан 2026, 16:25
2 Қазан 2026, 16:25
193
Фото: Ақорда

Президент ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін «Вашингтон моделін» құптады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Президент Трамп пен ірі технологиялық компаниялар басшылары қол қойған жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту туралы ерікті келісімнің стратегиялық салмағына назар аударды

– Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет. Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын. Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайды. Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз. Кеңес іс жүзінде маңызды екенін көрсетті. Сондықтан Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы салаға қатысты халықаралық бастамасына нақты ұсыныс беруді сұраймын. Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Sinovation Venture және 01.AI бас директоры Ли Кай-Фу, Абу-Даби Әмірлігінің денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International бас директоры Мансур Әл-Мансури, Polynome Group негізін қалаушы Александр Ханин және Цинхуа университеті жанындағы ЖИ-индустрияны зерттеу институтының негізін қалаушы Яцинь Чжан сөз сөйледі.

Наверх