Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы отырысынан соң өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Баспасөз мәслихатында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Шегорцова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 11 қарашада өтетін теледебатқа қатыспайтынын айтты. Телевизиялық пікірсайысқа оның сенімді өкілі Ерлан Қошанов қатысатын болады. Осыған дейін кандидаттың тіркеу куәлігі де кандидаттың сенімді өкілі ретінде Ерлан Жақанұлына табысталған еді.
Бұл сұраққа Орталық сайлау комиссиясы жауап бермейді. Себебі, біз алғашқы отырыстан соң барлық кандидаттардың штабына сауал жібердік. Әр штаб телевизиялық пікірсайысқа қатысатын кандидатураларды ұсынды. Заң негізінде де бұл жағдайда кандидат сенімді өкіліне ондай құзырлықты бере алады. Сенімхатты көрдік, талапқа сай. Сол себепті тізім осылай бекітіліп отыр,-деді ол.
Айта кетейік, бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында телевизиялық сайлауалды пікірсайыстың регламенті бекітілген болатын. Оған қазіргі Мемлекет басшысынан басқа кандидаттар толық қатысатыны айтылған болатын. Теледебат 11 қараша күні, сағат 20:00 де «Хабар» арнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Теледебаттың өтуі үшін мемлекеттен 3 млн-ға жуық қаржы бөлініп отыр.