Қасым-Жомарт Тоқаев өте мазмұнды және жемісті келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді

10 Ақпан 2022, 23:10
2237
Бөлісу:
Қасым-Жомарт Тоқаев өте мазмұнды және жемісті келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екіжақты келіссөздің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

Келіссөз өте мазмұнды және тиімді болды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бүгінгі келіссөзге көңілім толатынын айтқым келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін атаулы жыл болмақ. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз.  Осы уақыт ішінде достыққа, ортақ тарихқа және халықтарымыздың ментальдық тұрғыдан жақындығына сүйене отырып, мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісін қалыптастырдық. Тиімді саяси диалогтың арқасында барлық бағыт бойынша зор жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің құрлықтағы шекарамыз – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл бүкіл халықаралық қоғамдастыққа нағыз тату көршіліктің, сенімді одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өте мазмұнды және жемісті келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді

Қасым-Жомарт Тоқаев өте мазмұнды және жемісті келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді. Екі ел басшылары қазіргі қазақ-орыс мәселелерін ашық әрі өзара сенім негізінде талқылады.

Елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстардың жоғары деңгейдегі табысты дамуына көңіліміз толатынын атап өттік. Өзара тиімді ынтымақтастықтың зор әлеуетін ескере отырып, саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге ниетті екенімізді нақтыладық. Біз өзара сауда-саттықтың оң қарқынын сақтауға уағдаластық. Пандемия шараларына қарамастан, жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Былтыр тауар айналымы 21 миллиард доллардан асты, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ресей компаниялары Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді және олардың салған қаржыларының жалпы көлемі 17 миллиард доллардан асады. Елімізде шетелдік капиталдың үлесі бар әрбір үшінші кәсіпорын Ресей компанияларының қатысуымен құрылған. Олардың ортақ инвестициялық портфелі барлық саланы қамтыды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өте мазмұнды және жемісті келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді

Біз өндіріс кооперациясын кеңейтудің перспективаларын егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл бағытта елдеріміз қазірдің өзінде 13 ірі жобаны іске асырды. Бүгінде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек инвестициялық құны шамамен 1,5 миллиард доллар болатын тағы 11 жоба әзірленуде. Келіссөз кезінде құрметті Владимир Владимировичке бұл жобалардың бәрі менің жеке бақылауымда екенін айттым. Олардың бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға, елдеріміздің өнеркәсіп және технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Өңіраралық ынтымақтастықтың да пайдасы зор. Екі ел арасындағы сауда айналымының  шамамен 70 пайызын өңірлеріміз арасындағы өзара тиімді сауда-саттықтың үлесі құрайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы табысты серіктестіктің жаңа инновациялық өсім нүктелері есебінен кеңейіп отырғанын атап өтті. Бүгін цифрландыру, ғарышты игеру сияқты өзекті мәселелер мен атом энергетикасы саласында мамандар даярлау бойынша елдеріміздің ілгерілеуіне мүмкіндік беретін бірқатар құжатқа қол қойылды.

Қазақстанда инженерлік-техникалық сала бойынша жоғары білікті мамандардың қажеттігін ескере отырып, білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Келіссөз барысында Владимир Владимировичке Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға келіскені үшін ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам еліміздің білім беру саласын дамытуға сүбелі үлес қосады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі тараптың да халықаралық бастамаларды ілгерілетуге өзара қолдау көрсететінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халықаралық ЭКСПО көрмесін 2030 жылы Мәскеуде өткізу бастамасын қолдайды.

Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қаматамасыз ету ісіндегі рөлін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздіктің тұтастығына қатысты Ресейдің ұстанымын қолдады. Аталған құжат 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана форумында қол қойылған Декларацияда бекітілгенін еске салды.

Қазіргі әлемде басқа мемлекеттердің қауіпсіздігіне залал келтіре отырып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес және тиімсіз екенімен келісеміз. Сондықтан халықаралық ауқымдағы қауіпсіздікке қатысты Ресей Федерациясының ұсыныстары табысты дипломатиялық келіссөз өткізуге жақсы негіз болады. Келіссөздердің тек сөз үшін емес,  нәтижеге қол жеткізу үшін жүргізілгенін қалаймыз. Түптеп келгенде «жақсы жанжалдан, жаман болса да бітім артық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытындылай келе, өткізілген келіссөзге көңілі толатынын атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді.

 

Өзгелердің жаңалығы