Алматыда Қастеевтің 115 жылдығы өтеді

10 Қаңтар 2019, 10:50
7772
Бөлісу:
Алматыда Қастеевтің 115 жылдығы өтеді
PHOTO

Алматы, baq.kz. Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Әбілхан Қастеевтің мемориалдық залында суретшінің 115-жылдығына арналған дөңгелек үстел өтеді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты тұлғалар галереясын жасау қажеттілігін атап өткен болатын: «Мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет». Және Әбілхан Қастеевтің қылқаламынан туындаған Кенесары хан, Шоқан Уәлиханов, Абай, Амангелді Иманов, Жамбылдың және басқаларының портреттері, сондай-ақ Әбілхан Қастеевтің портреті де осы галереяда лайықты орынға ие.

Алматыда Қастеевтің 115 жылдығы өтеді

Өйткені, дәл Әбілхан Қастеевтің есімі Қазақстандағы ең ірі көркемсурет музейіне – Өнер музейіне 1984 жылы берілген, бүгіндері оның коллекциясы 25 мың жәдігерді құрайды.

Әбілхан Қастеев ұлттық кескіндеме мектебінің пайда болуы мен қалыптасуына негіз болды. Кедей отбасынан шыққан бала әкесінен ерте айырылып, мал бағуға мәжбүр болады, кейіннен Түрксібтің құрылысына қатысады. Өміріндегі қиыншылықтарға ерегіскендей, біртуар дарынының және еңбекқорлығының арқасында алдымен Алматыға, сосын екі жылға Мәскеуге суретшілік оқуға барады.      

Алматыда Қастеевтің 115 жылдығы өтеді

Шығармашылық жылдарында Қастеев қазақ халқының әр қилы өмірін бейнелеген 2000 аса кескіндемелік және графикалық туындыларды жарыққа шығарды. «Мақта жинау» (1935), «Түрксіб» (1969), «Егін ору» (1957), «Ұжымшар тойы» (1937), «Ескі және жаңа тұрмыс» топтамасы (1937–1941), «Жас Абайдың портреті» (1945), «Биік таудағы Медеу мұз айдыны» (1954), «Талас өңірі» (1970) сияқты дарынды кенептері өткен мен бүгіннің көркемдік шежіресі іспетті, олар Кеңес өкіметі жылдарындағы республикадағы өзгерістерді көрсетеді.   

Музейдің ғылыми қызметкерлері Әбілхан Қастеевтің шығармашылығын зерттеуде тынбай еңбектенуде. Жыл сайын қазан айында музейде қазақ сәндік-қолданбалы өнері мен бейнелеу өнерінің зерттеулеріне арналған «Қастеев оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы өткізіледі. 2004 жылы музеймен Әбілхан Қастеевтің барлық туындыларының каталогы шығарылды, кейінірек суретшінің фотомұрағаты жинақталды және оның шығармашылығы бойынша ғылыми мақалалар жинағы әзірленді.

Алматыда Қастеевтің 115 жылдығы өтеді

Суретшінің туғанына 115-жыл толуына арналған суретшілер, өнертанушылар, коллекционерлер, жоба жетекшілері қатысатын дөңгелек үстелде Әбілхан Қастеев шығармашылығының табиғаты мен феномені, оның Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесі жайында мәселелер қозғалатын болады.

Әсіресе, көп жылдар бойы суретшімен араласқан Ізгілік Нұрмағанбетұлы Дабаевпен, сондай-ақ суретшінің қызы Гүлдария Қастеевамен өтетін әңгіме ерекше қызығушылық тудырады.

Өзгелердің жаңалығы