Алматы облысының Қаскелең қаласында бір топ жасөспірім ер адамды соққыға жыққан оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға Оторвановка ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бір топ жасөспірім алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған бірнеше ер адамға шабуыл жасаған. Оқиғаны көрген куәгерлер полиция қызметкерлерін шақырған.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың алкогольдік масаң күйде болған ер адамға дене жарақатын салғаны белгілі болды.
Тексеру қорытындысы бойынша жасөспірімдердің ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды. Комиссия заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылдайды.
Сонымен қатар заңды өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігі ескертілді.
Полицияның мәліметінше, зардап шеккен азаматтың күдіктілерге қатысты ешқандай шағымы жоқ және ол арыз жазудан бас тартқан.
Алматы облысының полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың тәрбиесі, мінез-құлқы мен қауіпсіздігі үшін жеке жауапты екенін еске салды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған кез келген құқыққа қайшы әрекет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық бағасын алатынын атап өтті.