Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Домбыра күнінде дүниеге келген нәрестелерге ұлттық аспап тарту етілді. Мұндай акцияны Қазақстан халқы Ассамблеясы дәстүрге айналдырды, деп хабарлады елордалық әкімдік жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған шараға елордалық ассамблея мүшелері мен Аналар кеңесі және этномәдени бірлестіктер атсалысты. Олар елордадағы перзентханаларды аралап, ана мен баланы құттықтап, сый-құрмет жасады. Ақ тілектерін арнап, сәбилерге қазақтың атын әлемге танытатын талант иесі болсын деп тілек айтты. Оларға арнап күй орындады.
"Отбасымызда үлкен қуаныш. Бүгін сегізінші баламыз дүниеге келіп жатыр. Домбыра күніне орай туып жатыр. Осылай келіп құттықтап жатқандарыңыз үшін сіздерге рақмет айтамын. Енді болашақта қызымыз үлкен домбырашы болсын", - деді батыр ана Әйгерім Тілеуова.
Қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова бұл күні сәбилерге домбыра тарту ету дәстүрге айналғанын айтты.
"Жыл сайын Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен перзентханаларға барып, болашақта бұл балалар еліміздің нағыз азаматтары болып өссін деп бүгінгі күні алғашқы туған перзенттерге домбыра ұсынамыз. Домбыраға ие болған балалардың өмірлерін зерттеп, болашақта өзіміздің Қазақстан халқы Ассамблеясына қосамыз деген ойдамыз", - деп атап өтті Ләззат Құсайынова.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан еліміздегі бұл акция төл мәдениет пен салт-дәстүрлерімізді одан әрі дамытуға өз септігін тигізе бермек. Әрі "Қазақтану" жобасын танытуға әсері мол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін дүниеге келген қызылордалық алғашқы сәбиге де домбыра сыйға тартылды.