Сеул цифрлық көшпенділер мен қашықтан жұмыс істейтіндер үшін әлемдегі ең қолайлы қалалар рейтингінде бірінші орынға шықты. Зерттеуді VPN қызметтерін талдайтын тәуелсіз VPN.jpn.com платформасы жүргізген.
Euronews-тің жазуынша, рейтингке әлемдегі 104 ірі қала енгізіліп, жұмыс орындарының, демалыс және мәдени нысандардың тығыздығы, интернет жылдамдығы, баға деңгейі және ауа райының қолайлылығы сияқты факторлар бағаланған.
Үздік ондыққа енген қалалар:
- Сеул – 73,60 балл;
- Токио – 72,61;
- Ханой – 71,86;
- Тайбэй – 70,98;
- Осака – 70,15;
- Барселона – 68,11;
- Мадрид – 66,67;
- Сан-Паулу – 66,67;
- Нагоя – 64,97;
- Хошимин – 64,28.
Сеул жоғары интернет жылдамдығымен және жұмыс істеуге арналған орындардың көптігімен ерекшеленген. Ал Токиода демалыс және мәдени нысандардың тығыздығы жоғары.
Жапония рейтингте ерекше нәтиже көрсетіп, Токио, Осака және Нагоя қалаларын алғашқы ондыққа енгізді. Испаниядан Барселона мен Мадрид үздік ондықтан орын алды.
Зерттеу авторлары цифрлық көшпенділер үшін қала таңдауда тек интернет сапасы емес, өмір сүру құны, жұмыс инфрақұрылымы, бос уақытты өткізу мүмкіндігі және ауа райының қолайлылығы да маңызды екенін атап өткен.