Вице-министр қашықтан жұмыс істеуде кездескен қиындықтарды атады

10 Сәуір 2020, 15:02
2543
Бөлісу:
Вице-министр қашықтан жұмыс істеуде кездескен қиындықтарды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бүгін Instagram-дағы әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, оқырмандардың сұрағына жуап берді. 

"Қашықтан жұмыс істеу кезінде мемлекеттік қызметкерлерге қажетті дағдылар" тақырыбы аясында өткен тікелей эфир кезінде ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев қашықтан жұмыс істеу режимінің алғашқы күндері кездескен қиындықтармен бөлісті.

Соңғы екі аптада коронавирус пандемиясы салдарынан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 70%-дан астам қызметкер қашықтан жұмыс істеу форматына көшті. Алайда, мұндай форматта жұмыс істеп көрмеген бірқатар қызметкер қашықтан жұмыс істеу режимін кезекті еңбек демалысы ретінде қабылдады. Қашықтан жұмыс істеудің негізгі қағидасы – жұмыс үйде болғанымен, ол күнделікті жұмыс. Сондықтан, үйдегілерге сағат 09:00-18:30 аралығында (13:00-14:00 түскі ас уақыты) кедергі келтірмеуін ескерту керек, - дейді вице-министр.

Олжас Әбішев мұндай форматта жұмыс істеудегі тағы бір мәселе, жетекшілердің қызметкерлерін шектен тыс бақылауы болып отыр дейді.

Бұрын жетекшілер қызметкерлерінің жұмыс орнында болуын қадағалай алатын еді, қазір бұл жағы сәл қиындау. Себебі, бізге жеткен ақпарат бойынша кейбір жетекші қызметкерлерін веб-камералар арқылы бақылайды екен. Яғни, сағат 09:00-18:30 аралығында "монитор алдында тапжылмай отыруы керек" деген талап қойған. Бұл тиімсіз. Сол себепті, қашықтан жұмыс істеу форматына көшпес бұрын, әр қызметкер атқаратын тапсырмалар мен мақсаттарды айқындап алу қажет. Соңғы 1,5-2 жыл ішінде мемлекеттік органдарға енгізіп келе жатқан КРІ аясында біз "кім қандай мәселеге жауапты болу керек" екенін айқындадық. Яғни, бір апталық жұмыс бар делік, оны апта басында әр қызметкерге үлестіреміз. Адам ұйқысынан сағат 10.00-да тұра ма, 11.00-де тұра ма, ол жағын өзі біледі. Тек біз берген тапсырма жұмыс күні соңына дейін толық орындалуы керек. Бұл әр қызметкердің немен айналысып отырғанын түсінуге мүмкіндік береді, - дейді ол.

Вице-министр мемқызметкерлермен коммуникация мәселесі де оңтайландырылғанын жеткізді. 

Коммуникация мәселесіне келер болсақ,  онлайн режим басталған кезде көптеген қызметкермен байланысу қиын болды. Осы кезде біздің жұмыс тобы кеңседе бар барлық телефон нөмірлерін өздерінің ұялы нөмірлеріне жалғап қойды. Яғни, егер әлдекім жұмыс телефонына қоңырау шалса, ол қоңырау автоматты түрде қызметкердің ұялы нөміріне түседі, - деді Олжас Әбішев.
Сондай-ақ, қызметкерлердің онлайн режимде жұмыс істей алмауы немесе жұмыс істеуге деген құлықтың болмауы да қиындық тудырған мәселелердің бірі екенін айтты. Егде жастағы азаматтарға жаңа технологиямен жұмыс істеуді түсіндіруге біршама уақыт кеткен. 
Алайда, қазір онлайн жұмыс форматында 95%-ға жұмыс істей аламыз деп айтуға болады, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы