Қашып келген әскер жасындағы азаматтар халқымызды алаңдатып отыр – депутат

5 Қазан 2022, 12:41
1158
Бөлісу:
Қашып келген әскер жасындағы азаматтар халқымызды алаңдатып отыр – депутат
Фото: Tengrinews.kz

Ақжол фракциясы Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Премьерден нақты қанша шетел азаматының келгені туралы ақпарат сұрады.

Құрметті Әлихан Асқанұлы, Қазақстан қай заманда да өз елінен қашып, босқын болуға мәжбүр болған талай халықты өз басындағы қиыншылыққа қарамастан құшақ жая қарсы алып,  аман алып қалғанына тарих куә. Еліміз өркениетті ел ретінде ел шекарасынан республикамызға бас сауғалап, соғыстан қашқан Ресей азаматтарына да пана болдық. Ішкі істер министрлігінің кешегі ақпараты бойынша 200 мың азамат Ресейден кірсе, 140 мың адам елімізден шыққан. Ал 30 қыркүйекте Forbes журналында жарияланған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жалпы бүгінде елімізде 350 мың азаматы тұрақты түрде тұрып жатыр, - деді Дүйсенбинов.

Ол өткен аптада көшіп келушілердің басым бөлігі Астана мен Алматыға және  шекаралас облыс орталықтарына орналасқанын атап өтті.  

Онсыз да ішкі миграцияның салдарынан күрт өскен қалаларымызға әлеуметтік-экономикалық қысым артып отыр. Әскер жасындағы Ресей азаматтарының бізідің елімізге қоныс аударуы, бүгінгі посткеңістік ушыққан геосаяси жағдайда халқымызды қатты алаңдатып отыр, - деді спикер өз сауалында. 

Мәжілісмен еліміздің басты байлығы ол - Тәуелсіздік. Жер - тұтастығы. Елдің амандығы мен халқымыздың бейбіт өмірі екенін айтты.

Әртүрлі себептермен біздің елімізге қоныс аударған шетел азаматтарының арасынан еліміздің өндірісіне қажет, жетіспейтін техникалық немесе IT мамандары өз орындарын тауып, ел экономикасына пайдасын тигізіп,  бір кірпіш болып қаланса,  оған біз бизнес партиясы ретінде түсіністікпен қараймыз. Алайда, ол біздің Ата заңымызға бағынуға, тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеуге міндетті. Сондай-ақ миграциялық дағдарысты пайдаланып, ел ішіндегі арандатушыларға тосқауыл қойылуы тиіс. Оның алдын алып жатқан құзырлы органдарға ризашылығымызды білдіреміз, - деді депутат. 

Өзгелердің жаңалығы