12 желтоқсанында Мемлекет басшысы Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қабылданған заңда азаматтың немесе заңды тұлғаның мүліктік (қаржылық) жағдайын ескере отырып, сотқа талап қою кезінде мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру туралы нормалар көзделген.
Кейінге қалдыру негіздеріне мыналар жатады: табиғи апат, технологиялық апат салдарынан залал келтіру, жалақыны уақтылы төлемеу, заңды тұлғаның тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді өндірудің және (немесе) өткізудің маусымдық сипаты, ауыр сырқаттың болуы және т.б.
Соттар мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарғаннан кейін салық органдарына мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру туралы ұйғарымның көшірмесін жібереді. Бұл түзетулер азаматтардың Салық кодексінің сотқа жүгінуіне байланысты мемлекеттік баждарды төлеуге қатысты нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарау бойынша Конституциялық Соттың ұсынымдарын іске асыру процесінің жалғасы болып табылады.
Азамат өз өтінішінде Салық кодексінің нормалары мүліктік сипаттағы талап-арыздар мен сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттар бергені үшін белгіленген мемлекеттік баж мөлшерлемелері бөлігінде сот төрелігіне қолжетімділікті шектейтінін айтты. Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот Үкіметке жеке тұлғалардың мүліктік жағдайын ескере отырып, төлемнен босату, бөліп төлеу, кейінге қалдыру тетіктерін әзірлеуді және сот қорғауына қол жеткізудегі кемсітушілікті жоюды ұсынды. Кейбір нақтылауларды Парламент 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жекелеген жағдайларда мөлшерлемелерді қайта қарауға қатысты қабылдады.
2023 жылдың желтоқсан айының бірінші жартысында қабылданған заңға сәйкес, кейінге қалдыру тетігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі