Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында Мемлекет басшысының Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын каржылық қамтамасыз ету, сондай-ақ Президенттің жекелеген тапсырмаларын, оның ішінде өңірлерге жұмыс сапарларының қорытындылары бойынша іске асыру жоспарланып отыр. Бюджеттің кірістері мен шығыстарын қайта қарауды ескере отырып, 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері былайша қалыптасты. Бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 19,3 трлн теңгені құрайды, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Айтуынша, бюджет тапшылығы 2023 жылы ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайыз деңгейінде болжанып отыр.
Бюджет шығыстары 2023 жылы 1,5 трлн теңгеге артып, 22,5 трлн теңгені құрайды деп болжануда. Шығыстар құрылымында әлеуметтік сектордың үлесі 37,5 пайызды құрайды. Осылайша, биыл әлеуметтік сала шығыстары бекітілген бюджетке қарағанда 298 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8,5 трлн теңгеге жетті. Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға бағытталатын қаржы 2023 жылы 1,3 трлн теңгеге ұлғая отырып, 3,5 трлн теңге қарастырылған. Күш құрылымдарының шығыстары 317 млрд теңгеге ұлғайтылды және 2,5 трлн теңгені құрайды. Осы жылы өңірлерге республикалық бюджет есебінен 7,2 трлн теңге бөлінеді. Бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 32 пайызына тең, - деді вице-министр.
Еске сала кетейік, Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтіп жатыр.