Қаржы министрі Қазақстан-Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінің жұмысын тексерді

27 Қаңтар 2022, 19:27
1687
Бөлісу:
Қаржы министрі Қазақстан-Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінің жұмысын тексерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан-Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінің жұмысын тексерді, деп хабарлады министрліктің ресми сайты.

Сапар барысында Министр сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен кездесіп, мемлекеттік органдардың, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларымен, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және бизнес өкілдерімен жұмыс кеңесін өткізді.

Министр өз сөзінде бизнесті кедендік шекарадағы жұмыс тәртібін түбегейлі қайта қарау керектігін айтты, бұл туралы Мемлекет басшысы таяудағы тапсырмасында ескерту жасаған.

Осылайша, сыртқы экономикалық қызметті жүргізуге ашық және тең жағдайлар жасалатын болады. Бұл ретте, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін, электрондық шот-фактуралардың мониторингі және басқа фискалдық құралдарды пайдалану арқылы бизнестің заңсыз әрекеттеріне қатаң шаралар қолданылатын болады.

Бір күндік фирмалар, жалған декларациялар және басқа да осындай «ойындар» өткеннің еншісінде қалуы тиіс. Өз кезегінде біз тиісті кадрлық шешімдер қабылдадық, - деді Жамаубаев.

Жалпы, мемлекет сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес-орта құрып жатқанын атап өтті. Сәйкесінше, бүгінде кедендік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жетілдірілуде, өткізу пункттері жаңғыртылуда.

Кедендік статистикадағы алшақтық деңгейі мемлекет пен бизнестің үйлесімді жұмысының қорытынды индикаторы болады. Кеденнің қызметі ашық болуға және ең бастысы бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз етуге тиіс, – деп қорытындылады министр.

Өзгелердің жаңалығы