Бұл сұраққа Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Инфляцияны түсіру бойынша сарапшылар пайыздық мөлшерлемені түсіру қажеттігін алға тартты. Қаржы министрі ретінде пайыздық мөлшерлемені түсіру елдегі азаматтардың несиеге белшесінен батуынан қорғай ала ма? Мұны қашан жүзеге асыруға болады?» деп сұрады тілші.
Өздеріңіз білетіндей, пайыздық мөлшерлеме көтерілетін болса, барлық несие мен депозит бойынша мөлшерлемелер де артады. Бұл жерде екі фактор бар. Біріншіден, несие алу процесі сәл бәсеңдейді, оны мойындау керек. Оның ішінде тұтынушылық несиелер азаяды. Бұл да бір шетінен дұрыс шығар. Неге десеңіз, макроэкономикада сондай ұғым бар. Экономика қатты «қызбауы» керек. Яғни несиелердің саны көбейген сайын экономикадағы инфляция да өсе береді, - деп атап өтті ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.
Айтуынша, экономиканың заңы бойынша ақша неғұрлым көбейген сайын қымбатшылық та артады.
Екіншіден, оңтайлы жағы – біздің қазіргі банктердегі беріліп жатқан кредиттер санынан депозиттер саны артық. Бұл дегеніміз халықтың арасында жинақтаушылыққа деген ұмтылысты арттырады. Қазір өздеріңіз қарасаңыздар, банктердегә депозиттерге 11-ден 15 пайызға дейін халық (қаражат – ред.) салып отыр. Осы тұрғыда банктердегі депозиттердің көбеюіне әсер етеді. Түбінде базалық мөлшерлеме түскен кезде бұл жердегі жатқан қаражат экономиканы қаржыландыруға жұмсалады. Банктердің өздерінің қаражаты 10-15 пайыз ғана, қалған қаржының барлығы халықтан жинаған немесе кәсіпорындардан тартқан депозиттер. Соны экономика кредит ретінде береді. Бұл енді экономиканың базалық мәселесі. Бір шетінен әрине, Ұлттық банк кредиттерді тежеуге мәжбүр. Кредит өскен сайын баға өседі. Себебі кредит сұранысты күшейте береді. Көп жағдайда адамдар өздерінің мүмкіндігіне қарамай кредит ала береді, - деп түсіндірді Қаржы министрі.