"Қарызсыз қоғам" қарыздан құтқара ма?

4 Сәуір 2024, 15:15
346
Бөлісу:
"Қарызсыз қоғам" қарыздан құтқара ма?
Фото: BAQ.KZ - Архив

Биыл Ақтөбе облысында 8 мың адам "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында курстан өтуі керек. Қазір жобаға қала халқы қатыстырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоба сарапшысы, ментор Жанар Балғабаеваның айтуынша, облыста оқу курстарына 1200-ге жуық ақтөбелік қатысқан. Олар бес күн бойы теориялық білім алып, қаржылық сауатын арттыруда.

Қазір курс оқып жатқандардың 66 пайызы — әйелдер. 1172 адамның 38 пайызы — көп балалы аналар. Ал жас ерекшелігіне келсек, 18-36 жастағылардың үлесі 81 пайыз болса, 36-49 жастағылар – 12, 50-63 жастағылар — 6, 64 жастан жоғарылардың үлесі — 1 пайыз. Курстан өтіп жатқандардың жартысының несиесі бар. Көбі 2-3 несие рәсімдеген, — дейді ментор.

Оның сөзіне сүйенсек, қарыздан құтылуға ниет еткендердің дені — әйелдер мен жастар. Ал ер адамдар ше? Олар бұл жобаға неге белсенді қатыспайды? Біз осы орайда ақтөбелік ер-азаматтардың пікірін білген едік.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Бахтияр Дәмебаевтың мойнында екі несиесі бар. Бірін көлік алуға, екіншісін үйіне жөндеу жұмыстарын жасау үшін алыпты.

Айына 280 мың теңге несие төлеймін. Жеке серіктестікте электрик болып жұмыс істеймін. Жоба туралы теледидардан естігенмін. Алайда қатысуға ниетім жоқ. Тегін курс оқу қарыздан құтқармайды. Керісінше, жұмысымнан қалып, уақытымды жоғалтамын. Меніңше, бұл жоба жастарға керек, — дейді ол.

Ал Нокин ауылының тұрғыны Марат Маңсарбаевтың айтуынша, жоба азаматтардың сауатын ашқанымен, несиесін жауып бермейді.

Жобаны ойлап тапқандарға рақмет. Алайда қазір бәріміз несие алуға мұқтажбыз. Мәселен, мен гараж салуға құрылыс материалдарын сатып алу үшін несие алдым. Тапқан табысым жетпеген соң несие алуға мәжбүр болдым. Амал жоқ, енді несиені үш жыл бойы төлеуім керек, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы